RU

Көліктердегі жаңа дәрі-дәрмек қобдишасында операцияға қажетті ерітінді салынған

Жаңа ережемен бекітілген "көліктердің дәрі қобдишасының құрамы" дереу қайтадан қарастырылсын. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігінің биылғы шілдедегі бұйрығы бойынша бекітілген кейбір дәрі түрлері дәрігердің рұқсаты болмаса сатылмайды.

Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығы өкілдері де бұл жаңалыққа қарсы деп хабарлайды 7 арна.

Фармацевтер министрліктен жаңа бұйрықты қайтарып алып, тез арада күшін жоюды талап етіп отыр. Себебі, автокөлік қобдишасындағы кейбір дәрілерден жүргізуші тұрмақ, жол сақшыларының шатаспасына кепілдік жоқ.

"Мына жерде хлоропирамин деп жазылған. Жүргізуші оның орнына супрастин салады. Тәртіп сақшысы мұны не деуі ықтимал? Өйткені бізде хлоропирамин ампула түрінде тіркелген. Ал таблеткасы сатылмайды, жоқ, оның орнына супрастинді пайдалануға болады. Ең сорақысы мұнда оны есеңгіреу кезінде қолдану керек деген. Бұл аллергияға қарсы дәрі", - дейді Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Зүрият Сыбанқұлова.

Бұған қоса "Кетолорак", "хлоропирамин", яғни "супрастинді" ішіп, көлік жүргізген қауіпті. Мамандардың пікірінше, "Кетолорактың" тағы бір қауіптілігі қан тоқтамай қалуы мүмкін. Оны ішкен жағдайда жүргізушінің басы айналып, ұйықтап қалуы ықтимал.

Ал жарақатты жуатын сутек тотығы "хлоргексидинмен" алмастырылған. Фармацевтер операция кезінде пайдаланатын ерітіндіні қобдишаға салудың қажеті жоқ деген дабыл қағуда. Ал дәріхана қожайындары қобдишадағы дәрілердің құнын есептеп жатыр. Оның бағасы шарықтауы мүмкін.

"Медициналық қолғап пен медициналық қайшыны дәрілер құрамына неліктен енгізгені түсініксіз. Бір ғана қайшының бағасы мың теңгеден асады. Әрі біздің Қазақстанда өндірілмейді", - дейді автокөлік өндіруші компанияның директоры Александр Хайленко.

Қазір дәріханаларда жаңа бұйрыққа байланысты құрамы түрленген, медициналық қобдиша сатылып жатқан жоқ. Фармацевтер Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі мен Кәсіпкерлер палатасына әлгіндей дәрілерді алып тастау туралы ұсыныспен хат жолдады. Әзірге жауап жоқ.

Фармацевтикалық қызмет көрсету басқармасының өкілдері болса, "ережеге қатысты айтылған өзгерістерді ескеруге тырысамыз" деп отыр

Осы мәселеге байланысты арна тілшілері жауапты мекемелердің өкілдерінен сұхбат алды. Полицейлердің айтуынша, олар тек қобдишаның бар-жоқтығын ғана тексереді. Егер ол болмай шықса, әрине айыппұл төлетпек.

Фармацевтикалық қызмет көрсету басқармасының өкілдері болса, "ережеге қатысты айтылған өзгерістерді ескеруге тырысамыз" деп отыр.

"Осы тамызда автокөлікке арналған  медициналық қобдишаның тізбесі бірінші рет бекітілген болатын. Тізімге оқыс оқиға орын бола қалған кезде ең қажет болуы мүмкін деген дәрілер енгізілген. Бұйрық тіркелінді және күшіне енген. Бірақ сіздер айтқандай ұсыныстар болатын болса, біз оларды қарастыруға дайынбыз", - дейді фармацевтикалық қызмет көрсету басқармасының жетекшісі Гауһар Райымқұлова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/328260-kolikterdegi-zhana-deri-dermek-kobdishasynda-operacziyaga-kazhetti-eritindi-salyngan.html