RU

Қазы жасау үшін арнайы жылқы түрі шығарылды

Қазақ дастарханының ең дәмді асының бірі - қазы-қарта, жал жая, шұжық енді одан да дәмдірек бола түседі. Отандық ғалымдар осы тағамдарды дайындау үшін арнайы жылқы түрін өсіре бастады.

Дәлірек айтқанда, ол жабы тұқымдас түліктің жетілдірілген түрі. Ал биелер Құрманғазының күйі ойнап тұрғанда ғана сауылатын көрінеді. Жетінші арна тілшілері Алматы облысындағы фермаға барып, жылқының жаңа түрін көріп қайтты. 

Қазақтың жеті қазынасының біріне айналған жүйрік жылқы мына жайлауда сәл басқа кейіпке еніпті. Бойы аласа, есесіне шомбал, өте күйлі. Қақаған аяз бен шыжыған ыстыққа төзімді келеді екен.

Сондықтан жыл он екі ай жайлауда жүре береді дейді мамандар. Қосымша азық та керек емес. Соның өзінде ерекше жануар салмағын азайтпай, керісінше жарты тоннаға дейін семіреді екен.  "Қазақтар жал-жая, қазы-қарта дайындау үшін семіз етті қалайды. Сондықтан сілеті жылқылары ыңғайлы келеді. Сойғанымызда 4 еліге дейін қазы аламыз. Жаясының қалыңдығы 4-5 сантимертге дейін жетеді", - Қазақ мал шаруашылығы инстиутының бөлім меңгерушісі Әмин Әкімбеков.

Қазы-қарта, жал-жаяның дәмін теңдесіз етіп, жылқының осы түрін шығару үшін ғалымдар 40 жыл ізденіпті.

Осы аралықта үздік түліктерді Павлодар облысындағы Сілеті совхозында будандастырған екен. Жаңа жылқының атауы да содан шыққан.Күй атасы Құрманғазының күйі фермада тегін ойнап тұрған жоқ. Биелер ұлы композитордың әуенін естігенде ғана сүтті молынан береді екен. Күніне шаруалар 16 литрге де саумал сауады. Ал одан осы өңірдегі ең мақтаулы қымыз жасалады. 

"Мен қымызға мейіз қосамын. Жақсылап аршамен, тобылғымен, сабанмен ыстаймын. Оған жылқының жалын қосамын, құйрық май қосамын. Екеуін бірге қосуға болмайды. Үшқоңырдың тауында, таза ауада сауылған мал, соның шөбін жеген малдың қымызы екі есеге пайдалы", - дейді қымыз дайындаудың шебері Аққыз Сыдықова.

Жылқы түлігінің жаңа түрі әзірге Павлодар, Қарағанды, Алматы облыстарында ғана өсірілуде. Оңтүстікте қасиетті жануарды баптауға даңқты палуан, олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров кірісіпті."Әрине, машина бар, самолет бар. Бірақ біздің байлығымыз - арғымағымыз, жылқымыз. Жесең қазы-қарта, ішсең қымыз. Біздің жастарымыз, халқымыз етін жейді, қымызын ішеді. Сондықтан біз оны көбейтуіміз керек", - тұқымдық ферманың директоры Жақсылық Үшкемпіров.

Селекционерлердің көп жылғы еңбегі биыл шенеуніктерді де мойындатты. Ғалымдар "Жыл өнертабысы" болып танылды. Ал 200 000 теңге көлеміндегі сыйақыны жетімдер үйіне сыйлапты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/328636-kazy-zhasau-yshin-arnajy-zhylky-tyri-shygaryldy.html