Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Адамды тереңіне тартар Көккөл көлінің құпиясы (фото)

Опубликовано:

Көккөл. Үнсіз. Әрдайым тыныштық құшағында. Алайда аяқ астынан аласұра толқынданып, мұңды үн естіледі. Жергілікті тұрғындар көлдің киесі бар екенін, ол жерде аждаһа мекендейтінін айтады…

Myprofession.kz сайты Жамбыл облысындағы жұмбағы мол Көккөлге барған экспедициядан фото репортаж жасады.

"Көлден тұншыға шыққан мақұлықтың үні, жаңғыра сай саланы кезіп барып әрең басылады. О тоба, Шотландиядағы ғажайып Несси көз алдымнан жүгіріп, жо-жоқ ұшып, бәлкім елес боп зулай өткен болар…". Бұл жолдар Меркілік қарапайым ұстаз Анатолий Печерскиидің қойын дәптеріне түртіліп, кейін Сапарабай Парманқұловтың "Жұмбақ сарқырама" кітабында жарыққа шыққан әңгімеден үзінді. Кітапты оқып-ап түрлі қиял ойлар естен кетер емес. Па шіркін, ғылымға беймәлім аждаһа шынымен-ақ Меркінің тау-тасы мен өзен-көлдерін жағалап, талай шопанның иманын алды ма екен? Әлде көлдің тұңғиығында жатып-ап, адамзаттың қаперінен аулақ болуды ойлады ма? Қайткен күнде де оның ақырған дауысы талай жанның жадында сақталғаны мәлім. Мың естігеннен бір көрген артық. Араға жыл салып міне бүгін Әулие көлді көрудің сәті түсті.

Таң бозарысымен Ақтоған ауылынан Каменкаға, одан әрі Қарақыстақ жайлауын бетке алып келеміз. Үш көлікте бас аяғы 15-ке жуық жан.

Ал мына кісі Қыстақ ақсақал. Жасы сексенді алқымдаса да, ентігуді білмейтін қария. Арамыздағы тірі шежіре. Балаларының айтуынша анасы туа салысымен оны Көккөлдің суына малтып-малтып алған. Содан ауру атаулысы Қыстақ ақсақалды айналып өтетін көрінеді.

Жол қадырын жүргінші білер. Көлге дейінгі 150 шақырымдық қашықтықты кешқұрым әрең еңсердік. Бітіп болмайтын тау асулары мен табиғаттың ғажап болмысына қызығып төрт дөңгелекті тоқтатумен болдық. Жол бойы табиғат ана қашаған тас мүсіндер кең даланың айнымас бір бөлшегі іспеттес. Мына қошқартас соның бір айғағы.

Бұл Қарақыстақ, қазекемнің кең жайлауы. Ал ана таудың арғы жағы қырғыз ағайындардың әйгілі Сусамыры қоныс тепкен.

Кезінде бауырлас елдер бірінің жеріне бірі малын жайып, ақ боз үйлерін тігісіп жатқан. Бүгінде арада шекара белгіленіп, алыс-беріс тоқтатылды. Жол бойында Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара заставасының сарбаздарымен жүздесіп, өңірдің тыныштығынан хабардар болдық.

Жалпы Меркі өңірі мал баққанға нағыз таптырмас құт мекен. Шөбі шүйгін, қысы жұмсақ. Біз жүрген әр бір бесінші шақырымда шопанның үйі алдымыздан менмұндалап тұрды.

Кешқұрым көлден 5 шақырым бері қоныс тепкен малшының үйіне қонақтадық. Көлік жолының бітер тұсы да осы болатын. Тау түні тез арада қоюланып, түннің суықтығы да дегбірді қашыра бастады. Сығырайған шамның маңайына топтасып таңертеңмен көлге жаяу баруды жоспарладық.

Таудағы ұйқы тәтті-ақ, таңның тезарада қалай бозарғанын сезбей де қалдық. Шопан малын түгендеп өз бағытына әзірленуде, ал біздің бағыт Ақшоқының етегіндегі айдын көл. 5 шақырым бір белестің бұралаң жолдарымен артта қалды, ал мынау сіз бен біз күткен Көккөл.

Ел ағалары дәстүрден безбей алдымен құран оқып, бата қылды. Артынша көлдің суын құштарлана жұта шөлін қандырды. Көлдің аумағы ат шаптырым жерді иемденбесе де жүзген жанның қолың талдырарлық ауқымды алып жатыр.

Көл таудың шұңқырында орналасқандықтан оған еш бір өзен атаулысы келіп құймайды, әрі одан еш бір өзен ағып шықпайтыны тағы бар. Мұндайда алдымен тұрып қалған, ішуге жарамсыз су еске оралады. Алайда біз ішкен көл суы ешбір ауыз судан кем түспейтіні, құрамында түрлі минералдардың барынан хабардар етеді.

Көлдің тереңдігін ешкім дөп басып айта алмайды. Бұған Ресейден келген аквалангистердің де көзі жеткен. Неғұрлым төмендеген сайын соғұрлым қараңғылық жұта береді. Оның үстіне аяқ астынан пайда болатын иірім тартып алып кету қаупі тағы бар.

Жалпы көлге қатысты ел арасында түрлі аңыз әңгімелер жетерлік. Біреулер нардың өркешіндей бір дәу су тіршілігін көргенін айтып жатса, бірі жағада су ішкен малды беймәлім мақұлық суға тартып кеткенін баяндап жатады. Оның үстіне жергілікті шопандар көлден тұншыға шыққан ащы дауысты жиі еститіндерін айтады.

С. Парманқұлов өз кітабында А. Печерский бастаған бір топ жас натуралистерінің экспедициясы мамандардың алдына біраз сауалдарды қойғанын және де оны анықтау керектігін алға тартады. Кез-келген тылсымға ғалымдардың қызығушылығы оянатыны белгілі.

Осы салада Оңтүстік Қазақстан геологиялық барлау басқармасының геологы Б. Волчков көп жұмыс атқарды. Ол ұзақ зерттеу нәтижесінде көлдің мұздықтардан және мореналық қабатында пайда болғанын анықтады. Мореналарда шұқанақтар оңай жасалынады екен, тіпті көл түбінде ондай шұқанақтар тұтас канал іспеттес. Геологтар осындай каналды тауып, оның тереңдігін өлшеу мүмкіндігіне ие болды.

Бұдан шығар қорытынды: жауын-шашынға, жер астының гидрогеологиялық ерекшеліктеріне байланысты судың біраз бөлігі көл түбіндегі каналдарға сорылып отырылады. Кейде су әлсіз сорылғанда көл үстінде кішкентай-кішкентай шұңқырлар пайда болып, "ысқырық" естіледі. Кейде су қатты сорылғанда "айқайлаған" дауыс жаңғырығып жетеді.

Бұндай су қақпалары ештеңеден хабарсыз суға шомылғандарды және көлді кеше су ішкен жан-жануарды түптің түбіне тартып әкетіп отырған. Жер астындағы канал – сифондар көлдің тұрақты деңгейін қалпына келтіріп те тұрады: су бірде канал арқылы минералданған күйі сыртқа шығады. Аңыздардағы көл суының емдік қасиеттерге ие екенінің, сосын көл жағасында ашық күндері тұз пайда болатынының бір сыры осында жатыр.

Сапар соңында Меркіге төтесімен жету мақсатында Сандықтас жазығындағы бал бал тастарды тамашалауды ұйғардық. Сағат атамыздың бастамасын бір ауыздан қолдап бабамның көзі болған тас мүсіндерді тамашалап, әлі талай ұрпаққа мол мұра болып қала беретін аспан асты мұражайының құнды жәдігерлерін көріп қайттық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/328832-adamdy-terenine-tartar-kokkol-kolinin-kypiyasy-foto/

pixel