RU

Астаналық 10 айлық сәбиге шұғыл көмек қажет

Астанада өсудің орнына солып бара жатқан 10 айлық нәрестеге шұғыл көмек қажет. Церебралды сал ауруына шалдығып, дамуы тоқтап қалған сәбиді қытайлық дәрігерлер емдейміз деп отыр.

Олар белгілеген мерзімге дейін небары жарты ай қалды. Ал қажетті қаржы 18 мың долларды, жас ата-ана әлі жинай алмай отыр екен. Арина есімді бұл сәбиді дәрігерлер "өсімдік қыз" деп атап кетіпті.

Бірақ өсудің орнына ол солып барады. 10 айлығындағы салмағы 4 келі ғана. Қазақстандағы ең үздік мамандардың өзі Аринаның сауығып кетеріне сене алмай отыр. Есесіне, қытайлық дәрігерлер осы бастан емдетсе, аяғына тұрғызамыз деген үміт сыйлапты. Ол үшін ата-анаға 18 мың доллар қажет.

"Бір баланың тәй-тәй басып жүріп кетуіне әркім себепкер болғысы келеді ғой. Менің қолымнан келсе барлық балаға көмектесер едім. Бірақ ондай мүмкіндігім жоқ. Сондықтан барлық отандастарымнан, жерлестерім, барлық аналар, ағалардан сұраймын, көмектесіңіздерші. Менің кішкентай ғана сұлу қызыма", - дейді Аринаның анасы Арайлым Бапанова.

Ешбір ақаусыз, айы-күні жетіп туған сәбиге дәрігерлер алғашқы күні-ақ энцефолапатия, вест синдромы, церебралды сал ауруы деген диагноздар қойыпты. Қазір Арина су ішудің өзін ауырсынады.

Бірақ ол сәби болып не жыламайды, не күлмейді.

"Көптен күткен тұңғышымыз еді. Осылай боп туды Аллахтың қалауымен. Барша қауымнан көмек сұрап отырмын. Бізге Пекинге баруға көп қаражат керек еді. Өзімізде ондай жоқ. Қалталы бауырлар болса, көмектессе дейміз", - дейді Аринаның әкесі Әділбек Қашқынбаев.

Бейжіңдегі церебралды сал ауруын емдеуге машықтанған емхана Аринаны жарты айдан кейін қабылдауға дайын. Осы уақыт ішінде сәбидің ата-анасы қолы ашық, жомарт адамдардардың көмегімен қажетті сома жиналады деген үмітте.

Көмек қолын созамын деген қайырымды жандар мына есепшотқа қаржы аудара алады

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/329357-astanalyk-10-ajlyk-sebige-shygyl-komek-kazhet.html