RU

Вагонда тұрып жатқан жалғызбасты ана жатақханаға көшті

Астанада вагонды паналап жатқан жалғызбасты ана бүгін үш баласымен жатақханаға көшті деп хабарлайды 31 арна.

Сәбилерін сабаққа әзірлей алмай жылап отырған Алтынай Жанмурзина елорданың аязын жылы бөлмеде өткізетін болды. Осыдан 10 күн бұрын вагонда тұратын бұл сәбилер мектепке киіп баратын формамыз жоқ деп, анасы тапқаным тамағыма да жетпейді деп жылаған еді.

БАҚ-та көрстекен бейнематериалдан кейін Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев жағдайы қиын отбасыға көмектесуге тапсырма берген болатын. Шенеуніктің бір ауыз сөзінен кейін Алтынайға министрлік өкілдері өздері келіп, қол ұшын созуға уәде берген еді.

Міне, бүгін үш баласы бар келіншек вагоннан жатақханаға көшті. Өзі еденін жуатын Еуразиялық университеті берген бөлмеде қажетті жиһаздары түгел, суы мен дәретханасы қасында. Ең бастысы жалғызбасты келіншек үш баласымен бұл баспанада тегін тұратын болды.

Ал екі сәбиді әкімдік жатақхана қасындағы мектепке орналастырып, қажетті заттарын алып беріпті. Бөлмеге қолы жетіп, біршама қиындықтан құтылған Алтынай алғысын мейірімді жандар мен журналистерге жаудырды.

"Үлкен рахмет сіздерге, міне тегін беріп жатыр. Енді қиналмаймын. Вагонда тұрғанда қиналып от жағып жылап жүретін едім. Мектеп қасында, бүкіл жағдай жасалып тұр", - дейді Астана тұрғыны Алтынай Жанмурзина.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/329469-vagonda-tyryp-zhatkan-zhalgyzbasty-ana-zhatakhanaga-koshti.html