RU

Алматыда ұлтымыздың танымал тұлғалары тұрған үйден дау шықты

"Әртістер үйі" аталып кеткен баспананың жертөлесі жекеменшік кәсіпкерге сатылып кеткен. Сөйтіп ол жерде құрылыс жұмыстары басталған.

Ал тұрғындар үш қабатты ғимарат осыдан кейін опырылып кетуі мүмкін деп алаңдаулы.

Бұл үйдің тұрғындары әр пәтердің бұрынғы иелерін бес саусақтай біледі, әрі мақтанады. Қазақ киносының хас шебері Шәкен Айманов, қазақ театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, актер Қалибек Қуанышбаев, танымал актриса Бикен Римова, атақты опера әншілері, балет әртістері, қылқалам шеберлері тұрған баспанадан береке кеткен.

Ал жертөледе күнде жанжал, құрылыс қарқыны да күшті. Жиналған жұрттың айтуынша, кәсіпкер бұл жерде дүкен ашуды жоспарлап қойыпты.

"Құрылысшылар жертөлені жайратып, жер сілкінісіне төтеп беретін қабырғаларды күреп тастады" деп, тұрғындар жергілікті билік пен сотқа да шағымданған.

"Біз ескі үй, рұқсат қағазың бар ма деп сұрадық. Құжатсыз қалай бұзуға болады? Ескі үй қирап қалады деп айтсақ, қорықпаңыз, мен ештеңе істемеймін деген, енді үш ауысымда жұмыс істеп, қиратып жатыр. Ешкімді тыңдайтын түрі жоқ", - дейді жеке пәтер иелері кооперативінің төрайымы Әмина Ілиясова.

Сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті мамандарының да жертөлеге рұқсатсыз кіруге құзыры жетпей тұр. Мұның себебі, биыл шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізуге мораторий жарияланған.

Қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицениялау департаментінің бас маманы Әлібек Төлбасиев Ұлттық экономика министрлігінің құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетіне хат жолдағанын айтады. Енді жоспардан тыс тексеру ашуға рұқсат беру туралы Бас прокуратурадан келісім бойынша, рұқсат алғаннан кейін жоспардан тыс нысан тексеріледі

Тағы бір айта кететіні, бұл нысан 1938 жылы салынған. 76 жыл бойы сылағы кетсе де, сапасы сыр бермей тұрғаны анық. Ал жертөле үңірейген сайын тұрғындар да үрейленіп, өз үйінде ұйықтауға жүрексінеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/329938-almatyda-yltymyzdyn-tanymal-tylgalary-tyrgan-yjden-dau-shykty.html