RU

БҚО-да табылған "Алтын Ханшайым" теңдессіз жаңалық деп аталды

Батыс Қазақстан облысынан табылған "Алтын Ханшайым" отандық археология ғылымында теңдессіз жаңалық болып отыр. Бұл қорым осыдан екі жыл бұрын облыстың Теректі ауданынан табылған еді.

Қазақстандық археологтар Жапония, Германия және Ресейдің ғылыми орталықтарымен бірге зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бұл - Қазақстандағы ең көне қорым деген ұйғарымға келіпті. Ғалымдар мұнда жасы жиырмалардағы әйелдің жерленгенін анықтаған. Ол - сырға, сақина, алқа секілді 500-ге тарта алтын әшекейлерімен бірге жерленіпті.

Көйлегі мен жамылғысы да алтынмен безендірілген.

"БҚО Тарих және археология орталығының" директоры Мұрат Сыдықов "Біздің еліміздің мақтанышы болып саналатын "Алтын адам" IV ғасырға жатады. Ал біздің Тақсай қорымындағы "Алтын Ханшайым" оған дейінгі дәуірде өмір сүрген. Демек, оның жасы да үлкен. Ал бұл - біздің мемлекеттің тарихы тереңде жатқандығының дәлелі. Оның өмір сүрген уақыты отырықшылықтан көшпелі тірлікке ауысқан кезең деп болжап отырмыз", - деді.

Айта өтейік, мәйіт салынған ағаш қоршауда сарматтар мен парсылардың соғысқан сәті бейнеленіпті. Ғалымдар жерленген қыз сарматтар дәуіріндегі ауқатты әулеттің өкілі деп пайымдайды.

Қайта қалпына келтірілген "Алтын ханшайым" экспозициясы Оралдағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайына қойылды. Қазір батыс өңірде алты мыңнан астам археологиялық ескерткіштер мен 500-ге тарта тарих пен сәулет ескерткіштері тіркелген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/330335-bko-da-tabylgan-altyn-hanshajym-tendessiz-zhanalyk-dep-ataldy.html