RU

Талдықорғанда 16 жастағы қызды атып өлтірген

Екі күн бұрын Талдықорғанда биыл мектеп бітіруі тиіс қаршадай қызды жақындары ақтық сапарға шығарып салды. Алғашқыда "Өзін атып өлтірді" деген Ақерке Талғатқызының туыстары, қыздарын 11 сыныпта оқитын ұл баланың өлтіргенін естіген.

 

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Әжесінің қызы есіміне сай ақжарқын, әжесінің еркесі болып, құлпырып өсіп келе жатыр ед. Мектептің қоғамдық жұмыстарына да белсенді араласыпты. Мектепішілік олимпиадаларда да жүлделі орын еншілеп келген ерке қыздан жақындары, ұстаздары, сыныптастары 7 қыркүйек күні көз жазып қалды. 

Ақеркені ақтық сапарға шығарып салғанға дейін, қыздарының өз-өзін өлтіргеніне сенгілері келмесе де, "басқа түссе, баспақшылға" салынып еді Бәйменовтер отбасы. Бірақ қыздарының жаназасын шығарғалы жатқанда, оқиға болған кезде Ақеркенің қасында болған құрбысының ата-анасына айтқаны - жағдайды мүлде өзгертті.

"Тарс ете қалған дыбысты түсінбей қалдық дейді. Менің қызым былай столға жанымен құлады дейді. Балалар алыпты да, қызды жерге жатқызыпты. Содан кейін  пистолетті қыздың қолына бергенін,  өзі атылды деп айтамыз дегенін менің қызым естіп қалыпты",  - дейді Ақеркенің құрбысының әкесі.

Күні кеше бойжетіп отырған қыздарын қара жерге қойып қайтқан қаралы шаңырақтың отанасы - бауыр еті баласынан айырылып қалғанына әлі сенбей жүр, өз-өзіне келмепті. Ал, Ақеркені кішкентайынан бағып-қаққан әжесін де қаралы хабар есеңгіретіп, ауруханаға түскен.

Сондықтан жақындарының қасынан шыға алмай жүрген Талғат Бәйменов, қызының жұмбақ өліміне қатысты ақпармен тек телефон арқылы бөлісті.

Ол кеше ғана қалалық полиция бөлімшесіне бұл жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғау жөнінде өтініш қалдырған.

Алматы облыстық Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің бас маманы Жанар Төлегенқызы қазіргі кезде аталған факт бойынша, тергеуалды амалдары жүргізіліп жатырғанын айтады. 

Әзірге оқушының травматикалық қаруды қайдан алғаны, араларында не ерегес болғаны белгісіз

Психологтар болса, соңғы уақытта қоғамда агрессиялық көңіл-күй - белсенділік сипат алғанын айтып алаңдаулы. Сондықтан әсіресе, балалармен жұмыс істейтін сынып жетекшілерінің - психологиялық білімін жетілдіру қажеттілігін айтады.

Ал, жаңа оқу жылында өзі небәрі бір-ақ апта ғана барып үлгерген мектебінде Ақерке Құмартаеваға арналған марқұмның қаражолақты суретімен бұрыш ашылыпты.

Онда сыныптастары Ақеркеге шығарған өлеңдері мен естеліктерін жазып қалдырған. Биыл мектеп бітіруі тиіс бойжеткен, болашақта тілші болуды армандаған екен.

Естеріңізге сала кетейік, алғашында Ақерке Құмартаева өзіне өзі қол жұмсады деген ақпар тараған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/331068-taldykorganda-16-zhastagy-kyzdy-atyp-oltirgen.html