RU

Астанада ер адам "декретке" шықты

Біздің қоғамдық санада "декрет" сөзі "сәбиді өмірге әкелген ананың бала күтіміне байланысты демалысқа шығуы" деген мағынаны беретін ұғым деңгейінде қалыптасып қалған. Бірақ астаналық тұрғын бұл қатып қалған қағидат емес екендігін дәлелдеді.

"Қалалық "Жедел жәрдемде" аға фельдшер болып қызмет атқаратын зайыбым жұмыстан әдеттегіден кеш келді. Ол жеткенше үйге бір топ қонақ дәм тартып жиыла қалды. Кіре жамырасып сәлем берісіп, сәлем алысып жатыр. Құрбылары алдынан шығып, қарсы алып дегендей, мәре-сәре. Ішінде алыстан ат арытып келгендері бар. Көптен жүздеспеген. Көріп көзайым болып жатыр. Бір уақытта құрбыларының бірі: Айында-жылында бір келгенде осыншама күттіріп қайда жүрсің? Келетінімізді айтып едік қой", - деп қалмасы бар ма?!

Оған келіншек: "Сол жұмыстан шыға алмай қалдым. Бір жігіт аяқ астынан "декретке" шығып кетіп, орнына адам таппай қалдым... Соның орнына дәрігер тапқанша біраз уақытым кетті", - депті.Құрбылары сенбей, "тапқан сылтауының түрін" деп күліпті. Бәрі сенуден бас тартыпты. Әйел оларды сендіруге тырысқан сайын олар жыртылып айырылады. Бір жағы құрдастығына басып, екінші жағы расында әлгі жігіт "бала туғандай" елестеп...

"Декретке" шыққан ер адам Еркінбек Байдуллаев есімді дәрігер болып шықты. Астанадағы "Жедел жәрдем" орталығында балалар дәрігері болып қызмет атқарады.

Құлын да құлын шырқырап, түн ішінде баласы ауырған талай ананың қасынан табылып, талай сәбидің өмірін сақтап қалған ақ халатты абзал жан. Жас та болса білікті маман.

Осымен екінші жыл дәрігер болып қызмет етіп келеді. Өзі 3 жыл бұрын басына шаңырақ көтеріп, бауырына қазан ұстап,  отау тіккен екен. Жары - Гүлмира Құдайбергенова, бір баланың анасы. Қазіргі таңда Ұлттық экономика министрлігінің қызметкері.Ұлдары Әлинұрды 2 жасқа дейін анасы баққан екен. Гүлмираның өндірістік қажеттілікке байланысты жұмысқа шығуы керек болғандықтан жұбайы - Еркінбек 3 жасқа дейін баласын өзі бағуға шешім қабылдапды. Сол себепті 9 айға "бала күтіміне байланысты демалыс" алған. Еркінбек бірінші рет осындай демалыс алып тұрғанын айтады. Бірақ, бұрыннан ер адамдардың мұндай демалысқа шығуға болатыны жайлы білетінін де жасырмады.

Айта кетсек, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде ер адамдардың да бала күтіміне байланысты демалысқа шығу құқығы қарастырылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/331329-astanada-er-adam-dekretke-shykty.html