RU

Жеңгейтайлар екі баласы бар әйелді жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген

Жамбыл облысында екі балалы әйел өзін күштеп жезөкшелікке салғандарды жауапқа тартқыза алмай жүр. Қызғалдақ Қарымсақтың айтуынша, алматылық жеңгетай оның балаларын кепілдікте ұстап, өзін мәжбүрлеп жыныстық қатынасқа түсірген.

Азаптан қашып құтылған күні құзырлы орындарға арыз жазғанымен, жыл өтсе де кінәлілер жазаға тартылмапты. Мұны жәбірленуші қызыл жағалылар мен жеңгетайдың ауыз жаласуымен байланыстырады деп хабарлайды КТК арнасы.

22 жастағы Жаңатас қаласының тұрғынын өткен жылы құрбысы Алматыға жұмысқа тұрғызамын деп алдап шақыртып, жеңгетайға тапсырып жіберіпті. Ондағылар екі баласын тартып алып, "оларды көргің келсе айтқанымызды орындайсың"- деген талап қойған. Келіншек амалдың жоқтығынан жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр болдым дейді. "Мына кішкентай қызым үш айлық болатын ол кезде. Емізетінмін. Алып қойды. Көрсеткенде жоқ. Алып кетті. Қанша ауырдым. Қыздарымды уайымдадым. Үлкен қызым тіпті шошып қалған", - дейді жәбірленуші.Қызғалдақ жеңгетайлар тәулік бойы жұмысқа салғанын айтады. Өзімен бірге қонақ үйде жиырмаға жуық өрімдей бойжеткендерді де күштеп ұстаған. Тәртіп сақшыларына хабар беруге қорқыпты. Өйткені лауазымды полицейлердің өздері жезөкшелер ордасының сыйлы қонақтары болып шыққан.  "Ол жерге капитан келді. Қарасай аудандық ішкі істер бөлімінен. Ай сайын ақша алып кетеді. Түрін көрсем жақсы танимын. Қыз басына 50-60 мың алып кетеді. Әрине жалғыз алып отырған жоқ ол", - дейді Қызғалдақ.Үш ай бойы қиыншылық көрген келіншек екі баласын сағынып, қожайыннан олармен жолықтыруды сұраған. Кездестірген түні бәрі ұйқыда жетқанда балаларымен бірге қашып кетіпті. Ертеңіне полицияға арыз түсіргенімен, әлі күнге нәтиже жоқ деп налиды. Қазірдің өзінде күнде Алматылық тергеушілерге қоңырау соғып әуре.   Арнаның түсіру тобы Қызғалдақ айтқан "Алтын орда" базары маңындағы қонақ үйде болып, тән саудасының қызып жатқанына көз жеткізді. Өзін "Гуля" деп таныстырған әйелдің айтуынша, түр әлпетіне қарай әр қыздың кесілген бағасы бар екен. Олардың қауіпсіздігі мен мұндағы тыныштыққа жергілікті полицейлер тікелей жауап береді деп отыр.  Қызғалдақтың айтқаны айдай келді. Иек астындағы келеңсіздіке құзырлы орын көз жұма қарайды дегені бекер болмай шықты. Тіпті ол, өзіне қатысты істің өз пайдасына шешілетініне кумәнмен қарайды. Өйткені тәртіп сақшылары жеңгетаймен ауыз жаласқан деп отыр. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/331560-zhengejtajlar-eki-balasy-bar-ejeldi-zhezokshelikpen-ajnalysuga-mezhbyrlegen.html