RU

Ғаламторды шулатқан бала Маугли болмай шықты

Ғаламторды шулатқан атыраулық бала ақыры Маугли болмай шықты. Тәртіп сақшылары оны іздеп тауып, Атырау облысының 12 жастағы тұрғыны екенін анықтаған.

Полицейлер бейнежазбаны мұқият қарап, иттермен бірге төрт аяқтап жүрген жеткіншектің жабайы екендігіне бірден күмән келтіріпті. Облыс тұрғындары мен іздестірудің арқасында полицейлер бір тәуліктің ішінде баланың мекен-жайын тапқан деп хабарлайды КТК арнасы.

Тамыздың соңында өзенге түсіп жүрген бала бейтаныс адамдардың өзін камераға түсіріп тұрғанын көріп, қызық үшін олар берген алманы қолымен емес, тіспен алған көрінеді. Сосын иттермен қосылып, арлы-берлі төрт аяқтап жүгірген.

Туған-туыстары мен көршілері жасөспірімнің ақыл-есі дұрыс екенін айтыпты. Бірақ, тәртіп сақшылары әке-шешесінің өтініші бойынша, баланың аты-жөні мен оқиғаның дәл қай жерде болғандығын айтудан бас тартып отыр.

"2 иті бар бұл жасөспірім жануарларға өте жақын көрінеді, жақсы көреді екен. Өзін бейнетаспаға түсіріп жатқандығын көрген ол қалжыңдап, осындай әдетке барған", - дейді Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира Мұхтарова.

Еске сала кетсек, ғаламторды пайдаланушы жұртшылық баланы иттердің арасында тәрбиеленген болуы мүмкін деген байлам жасаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/331582-galamtordy-shulatkan-bala-maugli-bolmaj-shykty.html