RU

Қарағанды облысында емі жоқ індеттен жылқы малы қырылып жатыр

Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында жылқыға жұт тиіп, қырылып жатыр, деп хабарлайды 24.kz. Ақтөбе ауылында көктемнен бері 40 шақты жылқы ел естімеген лимфангит дертіне шалдыққан.

Жұқпалы дерт дендеген жылқылардың лимфа тамырлары қабынып, денесін іріңді жара басып кетіпті. Аурудың алғашқы белгісі өткен күзде байқалғанымен, ауылдықтар жылқыда жиі кездесетін "сақау" дерті деп ойлап, өз бетінше ем-дом жасап көрген.

Алайда зертхана сараптамасынан кейін лимфангит ауруы анықталып, ауылда сәуірден бері карантин жарияланды. Мамандар мал қораларды залалсыздандырып шықты.

Ал ауылдағы ауруға шалдықпаған 450-дей жылқы өзге өңірге айдап әкетілді.

"Ауруға қарсы вакцина жоқ. Соған байланысты індетке шалдыққан жылқыны оқшаулап өлтіреміз", - дейді жергілікті мал дәрігері Боранбек Сұлтанов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/332107-karagandy-oblysynda-emi-zhok-indetten-zhylky-maly-kyrylyp-zhatyr.html