RU

Шымкентте ата-анасын қарттар үйіне өткізгендер көбейді

Перзенттеріне керек болмай далада қалған қариялар қатарының көбейіп бара жатқаны қабырғаны қайыстырады. Бұл мәселені жуырда Мемлекет басшысының өзі көтерген болатын.

Бұл туралы "Астана" арнасы хабарлайды.

Өкінішке қарай, ел аумағындағы қарттар үйін паналаған жандардың қатары жеті мыңға жетіпті. Олардың басым бөлігін бауыр еті - балалары әкеп тапсырған. 

Белқожа Қамалданов 11 жылдан бері Алматыдағы қарттар үйін паналап келеді. Кемпірінен айрылғасын үйелмелі-сүйелмелі алты бала мен келіндерге сыймапты.

Өкпесі қабынған қартты келіні "туберкулез" деп бөлектеген көрінеді. "Бұл жерге қай жетіскен адам келеді. Жағдайы болмағасын келеді адам. Бұдан артық жақсы жер жоқ. Үйде мынадай жағдай жоқ".- дейді қария.

Ал шымкенттік Өмірәлі Бектасұлы қарттар үйінен пана тауып қана қоймай, бір басын екеу етіп отыр. Салулы төсек, ыстық шәй қамкөңіл жандардың ауыр күндерін сәл де болса ұмыттырғандай. 74 жастағы ақсақалдың кемпірі осыдан 14 жыл бұрын көз жұмыпты.

"Қыздар да, ұлдар да келмейді. Жалғыз Кентаудағы бала ақшасы түссе жетіп кеп тұрады. "Папа қалайсыз, шығып келіп отырсаңызшы", -  дейді. Олар өздері күндерін зорға көріп отыр.   Тіпті, өзімнен артылғанын соларға апарып беріп  тұрамын. Биыл солардың үлкен қызы - немеремді медколледжге түсірдім. Енді ақшасын төлеймін", - дейді Өмірәлі Бектасұлы.

Шымкенттегі қарттар мен мүгедектер үйінде 240 қария бар. Олардың ешбірі де "қартайған шағымызда осы жерді паналаймыз-ау" деп ойламаған болар сірә.

Барлығы да әлеуметтік басқармалар арқылы келген мұнда. Бірі жалғыздықтан жапа шегіп осылай қарай аяңдаса, кейбірі отанынан опа таппай келгендер

Оңтүстік Қазақстан облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеменің  директоры Махсұтхан Дүйсебековтің айтуынша, қариялардың пәтеріне қызығып, туғандарын қарттар үйіне өткіземін дейтіндер көп екен. Қабылдамаған жағдайда сотқа беретіндіктерін айтқан. Түрлі сектаға кіріп кеткен жандар қартайған әке-шешесін қарттар үйіне әкеліп тастауға бейім.

Оралдық Ғайса Дүйсенбиев жас кезінде түрлі басшылық қызметтерді атқарған. Қартайғанда жары бақилық болғасын, балаларына салмақ салғысы келмей осында өз аяғымен келді. Сөйтіп 237 қамкөңіл қарттың қатарын толтырды.

"Осыдан 4 жыл бұрын қазақтар 48 пайыздан аспайтын, қазір 52 пайызға кетіп бара жатыр. Бұл тағдыр ғой. Әттеген айы сол, күні бүгін жеті мыңдай қария қарттар үйінде тұрып жатыр.Тіпті мемлекеттік мекемені паналаушылардың орнын жаңалайтындар азаймаса кемімей отыр. Бұл, ащы да болса, шындық. Орталық өкілдері, тірісінде қажет қылмаған ата-анасын ұрпақтары өмірден озғасын ғана алып кетіп жатады, - дейді жалпы үлгідегі қарттар мен мүгедектерге арналған Орал медициналық-әлеуметтік мекемесінің директоры Амангелді Баянов.

Арасында зейнетақысын олжа көретіндері жоқ емес екен. Ал көп жағдайда бір уыс топырақ салуға бауыр еті балаларының жарамайтыны өзекті өртейді дейді қарттар үйінің қызметкерлері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/332941-shymkentte-ata-anasyn-karttar-yjine-otkizgender-kobejdi.html