RU

Мемлекетке 700 теңге қарызы барлар шетелге шыға алмайды

Бұдан былай мемлекетке 700 теңге қарызы бар азаматтарға шетелге шығуға тыйым салынады.

Бұл туралы Қазақпарат хабарлайды.

Ведомствоның мәліметінше, соңғы уақыттарда ел азаматтарының  шетелге шығуына жол бермеу шаралары жиілеген. Бұл ең алдымен 2013 жылдың маусымында "Сот орындаушыларының орындаушылық өндірісі және дәрежесі туралы" Заңына енгізілген бірқатар өзгертулер мен толықтыруларға байланысты.

Азаматтар бұл мәселеге шетелге ұшатын билеттерін, демалатын жолдамаларын сатып алып, баратын еліндегі қонақ үйге тапсырыс беріп қойған соң, шекаралық бақылаудан өтіп жатқан кезінде тап келеді.

Сондықтан, прокуратурадағылардың атап өтуінше, шетелдерде кеңінен қолданылатын бұл тәсіл борышкерлердің қарыздарын дер кезінде өтеп отыруына зор ықпал етеді.

Шетелге ұшуға тыйым салудың ең басты себебі азаматтың мойнындағы қарыз, айыппұл, атқарушы құжаттарды орындамау сияқты жағдайлар. Сондықтан, мемлекет алдында қарызы немесе айыппұлы бар, я болмаса сотқа жүгінген жеке тұлғаға борышкер азаматтар шетелге ұшар алдында дұрыстап ойланғандары жөн.

Бұл ретте тек алимент немесе жол айыппұлдарын төлемеген адамдар ғана емес, қаланың коммуналдық қызметтеріне де қарызы бар тұлғалар борышкер деп танылады. 700 теңгеден бастап қарызы бар адамдар, егер оларды сот арқылы өндіру шешімі шығарылған болса, мұндай тізімге енгізіледі.

Айта кетейік, шетелге шығу мүмкіндігі шшектелгендер тізіміне азамат сот орындаушысының қаулысы бойынша ғана кіргізіледі. Ал сот орындаушысының қаулысы өз кезегінде сот арқылы санкциялануы тиіс.

Сот қаулыны санкциялағаннан кейін сізге оның көшірмесі беріледі, сонымен қатар Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі де бір көшірмесін алады. Сіз шетелге ұшар кезде дәл осы қызметтің қызметкерлері ортақ базада қарызыңыз төленді деген белгі шықпайынша, сізді шекарадан өткізбейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/333472-memleketke-700-tenge-karyzy-barlar-shetelge-shyga-almajdy.html