RU

Тараз тұрғыны аядай бөлмеде 15 жетім баланы асырап отыр

Тараздық  Зүлфия Түленова мүгедек балаларды асырап алып, соларға қамқор болып келеді.

Бұл туралы "Астана" арнасы хабарлайды.

Екі жыл бұрын бұл отбасының қарауындағы балалар саны 9 болса, бүгінде 15-ке жетті. Олардың үшеуі - патронаттық тәрбиеде. Арасында орыс, дүнген, татар мен қырғыз ұлтының балалары бар.

15 баланы бауырына басқан Зүлфия Түленова Таразда тұрады. Жолдасы Бақытбек Нұрқалиев екеуі 2007 жылдан бері жетімдер мен қараусыз қалған бүлдіршіндерді асырап алумен айналысады. Мұндай қадамға баруға өз балаларының ауыр дертке шалдығуы сеп болыпты. Дәрігерлер ұлына "Даун синдромы" диагнозын қояды.

Баласының "адам болмайтынын" айтып, балалар үйіне қалдыруға кеңес береді. Алайда абзал ана өз баласын жаттың қолына тапсырмайды, керісінше мейірімі молаяды. Міне, содан бері, тасжүрек аналар тастап кеткен балаларға бас-көз болып, аядай бөлмесінде асырап отыр.

"11 бала алдым. Қалған төртеуін ата-аналар бас тартып, әкеліп тастағандар. Мүгедек. Көп адам қазіргі кезде сау баламен жұмыс жасағысы келеді. Сау бала асырағысы келеді. Ал бұларды біз мүгедек екен деп шектеп тастауымызға болмайды ғой. Мен еш уақытта да қалалық жүріп жатқан автобустарда ұялмаймын балаларымды алып жүруге, өйткені көрсін адам қандай? Адамның мына өмірін қалай түсіну керек?! Сол үшін ортаға алып жүрем, еш уақытта шеттетпеймін", - дейді көп балалы ана Зулфия Түленова.

13 жасар Леонид осы үйге келгелі қазақ болдым деп мақтанады. Осыдан үш жыл бұрын әпкесі екеуін бірге асырап алған. 15 баланың ішіндегі 12 мүшесі сауы осы ғана. Кешегі жетім балалар үйінің тәрбиеленушісі - тастанды бала болмасын деп тілейді.

"Осы жақта біз көңілді ойнап жүрміз. Осы жақ маған ұнайды. Осы балалар үйінде жетім балалар болмасын. Ата-аналары болсын. Мен сияқты бақытты жүре беруіне тілектеспін", - дейді Леонид Садықов.

2012 жылы Қазақстанда 2162 бала, ал 2013 жылы 1947 бала патронатты тәрбиеге алынған. 2004 жылдан бері мемлекет қамқорлығына бала алғандарға ең кемі 35 мың теңгеден айлық төйлейді. Оған қоса, ай сайын берілетін жәрдемақы бар.

Ал 2014-тен бастап патронатты ата-аналарға қойылатын талаптан - міндетті түрде педагогикалық білімі болуы керек деген бөлім алынып тасталды. Ал бала асырап алатындар үшін келесі жылдан бастап бір рет берілетін жәрдемақы қарастырылуда.

БҒМ қамқоршылық, қорғаншылық және халықаралық бала асырап алу басқармасының басшысы Диас Әбілдаевтың айтуынша, 2015 жылдан бастап бала асырап алған Қазақстан азаматтарына 75 айлық мөлшерінде біржолғы ақшалай көмек қарастырылатынын айтады. 

Зүлфия Түленова патронатты тәрбиедегі үш бала үшін мемлекеттен айына 38 мың теңге алады. Ал қалған мүгедек балалардың әрқайсына 18 мың теңгеден. Жолдасының да өзінің де бар жұмысы - осы балаларды бағып-қағу.

Бұл шаңыраққа 5 жасында келген Нұрбол Құттыбаевтың қос қолы жоқ. Туылғанынан сондай. Алайда, ас-ауқатты аяғымен ішеді. Жазады, сызады. Мейірімді ана болса, "мүгедек жандарға медеу болып, оларды қоғам қатарына қосу парызым" дейді.

Сал болған сәбилерді бағып-қағып қана қоймай, түрлі ауруханалардың табылдырығын тоздырып жүр. Бірінің қолы қимылсыз қалса, бірінің аяғы адым аштырмайды. Бірақ Зүлфия Түленованың 15 баламен тоқтайтын түрі жоқ. Әзірге тек үйінің тарлығы тоқтатып тұр.

"Әйтпесе, әлі талай тастандыны бауырыма басып, тәрбиелеуге дайынмын", - дейді батыр ана.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/333585-taraz-tyrgyny-ayadaj-bolmede-15-zhetim-balany-asyrap-otyr.html