RU

"Кіші жүз" деп ұрандатқан фанаттар қоғамның наразылығын тудырды

Ақтөбелік футбол жанкүйерлерінің Алматыдағы Абай даңғылының жолымен ұрандата жүруіне қоғам әртүрлі баға беріп жатыр.

Саясаткерлер шеруді "Іштегі аурулардың бірі, ондайды қатаң тыю керек", "қазаққа осындай жойдасыз сепаратизм қауіпті" деп сынға алып жатыр деп хабарлайды  31 арна.

Өйткені, "Ақтөбе" клубының жанкүйерлері футболға дейін "Кіші жүз" деген жазуы бар плакаттар көтеріп, көшеде нағыз ұран салған.

Алматы орталығында шеру жасап, "Ақтөбе" футбол командасының жанкүйерлері ұрандатты. Тарихты ақтарған күннің өзінде Кіші жүз баласының ешқашан бұлай ұран салмағаны анық еді.

Бірақ білімі саяз, тарихтан хабарсыз, жосықсыз жастар Ақтөбенің өзін "Ақтюбе" деп айғайлайды. Ұлтсыздану ұраны деген осы шығар.

Былтыр Ресейлік Лента.ру басылымы "Каспий жағасында Кіші жүз мемлекеті пайда бола ма?" деген мақала жазып, артынша Лимонов, Жириновский тұрмақ, Путиннің өзі қазақ мемлекетінің тарихына күмән келтіріп жатқанда, Қазақстанды іштен іріткісі келетіндерге бұл шеру - таптырмас тамызық.

"Әрине, заңсыз әрекет. Жастардың көшеге шығып, түсініксіз ұрандар айтып, түсініксіз жазба көтеріп шығуы радикализмнің көрінісі. Меніңше, бұның жолын кесу қажет", - дейді қоғам қайраткері Мұрат Әбенов.

Оған қоса, аталған футбол клубының жанкүйерлері бұған дейін де бірнеше мәрте көзге түскен. Футболға осындай екпінмен келген қызуқанды топ ойыннан соң, Әуезов театрының алдында жаппай төбелескен.

Полиция олардың қырқын ұстап, сот олардың серкелерінің бірін 3 күнге, екеуін 1 күнге әкімшілік қамауға кесті. Ал қоғам оларға бұдан да қатаң жаза сұрайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/333592-kishi-zhyz-dep-yrandatkan-fanattar-kogamnyn-narazylygyn-tudyrdy.html