RU

Қызылорда облысында қос жанарынан айырылған талантты музыкант тұрады (видео)

Қызылорда облысы Жалағаш ауданында қос жанарынан айырылған талантты музыкант тұрады. Таң қаларлығы бірінші топтағы мүгедек Еркін Нарымбетов бірнеше музыкалық аспаптың құлағында ойнайды. Композиторлық қасиеті де бар.

4-сыныптан кейін жазғы демалыста қой бағып жүрген Еркін Нарымбетовтің көзі қарауытып, жарық дүниені көруден қалады. Бұдан кейін денсаулығына байланысты оқуын да жалғастыра алмайды. Бірақ дәл осы кезде Еркіннің музыкалық қабілеті байқалады.

Өнерпаздар отбасынан шығып, бала күнінен шығармашылыққа құмартқан Еркін осыдан кейін өмірін музыкаға арнайды. Талапты жастың өнеріне тәнті болған ауылдастары оны тойларға шақыра бастайды."Жастайымнан аппаратура ұстап үйренген адаммын. Новый аппаратураны бір көріп, тексеріп аламын да дальше өзім ұстап кете берем. Мына жерде көп минидискі бар мысалға. Дискета. Әр дискіге өзім білетіндей кішкене белгі салып қоям. Мысалы біреуінің бір жерін жырып қоям. Біреуіне қағаз жабыстырып қоям деген сияқты", - дейді музыкант.Еркін зор қызығушылығының арқасында домбыра, гитара, баян, аспаптарын да меңгеріп алған. Бірнеше әннің авторы. Қазір үйірме ашып, шәкірт тәрбиелеп жатыр.

Бүгінде Еркін ұялы телефонды да меңгеріп алған. Өздігімен қоңырау шалып, тапсырыс берушілермен тілдеседі. Алдағы уақытта компьютерді де үйренгісі бар. Егер көзі көрмейтіндерге арналған арнайы техникам болса, өздігіммен фонограммалар жазар едім деп армандайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/333614-kyzylorda-oblysynda-kos-zhanarynan-ajyrylgan-talantty-muzykant-tyrady-video.html