Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тауда тұрып, мал бағатын кәсіпкер қазақтың салт-дәстүрлерін жаңғыртуды армандайды (фото)

Опубликовано:

Кеңес одағының тұсында Лондондағы ең үздік оқу орнында жоғары білім алып (Бизнес басқару мамандығы бойынша), еліне оралған Данияр Дәукей бүгінде қазақтың қазынасын дәріптеп жүрген азаматтардың бірі.

Әрине, қазаққа бизнес саласы түсініксіздеу тұста шекара асып, білімін жетілдірген азаматтың бүгінде бір басынан асып жығылатын шаруасы бар. Бұл азаматтың аты қалалықтарға жақсы таныс, оның жеке қонақ үйі, мейрамханасы, тағы да басқа салаларда ұтымды шыққан жобалары көп.

Осындай шаруаны дөңгелетіп отырған кісінің ерекшелігі өзгелердей шетелде тұрып, сонда өмір сүруді емес, тауда тұрып, мал бағып, қазақы төбетті көбейтуді ұлттың мақтанышы көретіні көпшілікті қуантады.

Данияр Дәукей өзін "асфальтта өскен ақ саусақ бала едім" дейді. Ұлтына деген ұлы сезімі шетелде оқып жүргенде ояныпты.

Айтуынша, Лондонда бірінші рет зәулім ғимараттар мен әдемі сауда үйлерді  көрген кезінде елінің дамуына жай ғана емес, қазақы болып өркендеуіне үлес қосамын деп өз намысын қайраған. Сол сәттен бастап қаланың баласы ана тілін үйренуді қолға алыпты.

Данияр Дәукей қазақы төбеттің таза тұқымын алумен жиырма жасынан бастап айналысады. Осы күнге дейін қолынан мыңдаған төбетті асырап жеткізгенін айтады.

Жылда  төбеттерін сұрыптап, өзге малшылардың шаруашылығына тегін таратады. Бұл кісінің ит төбелестірушілермен салыстырғанда мақсаты бөлек. Қазақы төбет иесіне адал, мал бағуға бейім дейді.

Сонымен қатар кәсіпкер қазақы қарабайыр жылқыны жақсы көреді. Бүгінде, нақты санын айтпасақ та, біраз асыл тұқымды жылқысы бар. Данияр Дәукей өз дәулетін қазақтың ұлттық спортына пайдалануды жоспарлаған.

Ол үшін спортқа бейім жігіттерді өзі таңдап көкпар командасын құрыпты. Ол жігіттердің барлығы да жарыстар мен дайындықтарға осы кісінің жылқыларын мінеді.

Жігіттердің көкпар алаңында жақсы өнер көрсетуіне жағдай жасаған азамат, барлық шығынды өз мойнына алған. Мақсаты көкпарды дамытуда  - өз үлесін қосу.

Жеке  кәсіпкер ретінде де бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырғанын айта өту қажет.

Данияр Дәукей киім киісімен-ақ өзгелерден ерекше болып тұрады. Қалада болсын, тауда болсын, аяқта - саптама етік, баста - бөрік, үстінде - оюлы ұзын шапан.

 Таза теріден тігілген ер-тоқымдар.

Қожалық иесінің таудағы мал ұстайтын орны.

Осы уақытта кәсіпкердің арманы - қазақтың ұлттық спорт түрі көкпарды әлеуметтік желілерде жарнамалау, жастарды ұлттық ойынға қызықтыру.

Бұл ретте Данияр Дәукейдің мақсаты мен ұстанымы қазақ қазақ болып қалуы керек дегенге саяды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/333772-tauda-tyryp-mal-bagatyn-kesipker-kazaktyn-salt-destyrlerin-zhangyrtudy-armandajdy-foto/

pixel