RU

Балалардың ойын кезіндегі күш-қуатынан баламалы энергия алуға болады

Аулада алаңсыз асыр салып ойнап жүрген балалардың энергиясы қуат көзіне айналуы мүмкін. Мұндай таң қаларлық жаңалықты Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы ашты деп хабарлайды Жетінші арна.

Баян Сәдуақасова есімді өнертапқыш жақында бұл идеясын Шымкент қаласында іске асырмақшы екен. Алдағы бірер жылда аулада жүрген балаларға "уақытыңды бекер өткіздің" деудің өзі қисынсыз болады. Өйткені олардың ойынға жұмсаған күш-қуаты пайдаға жарауы мүмкін.

Бұл өз құрдастарының тектен текке шаршап, энергиясын бекерге жұмсап жүргенін көрген Баян Сәдуақасованың идеясы.

1 жыл бойы құрастырған бұл жұмысын 9-сынып оқушысы ғылыми жобалар фестивалі аясында таныстырып отыр. Оған елдегі барлық Назарбаев зияткерлік мектептерінен 17 тәлімгер келіпті.

Жас өнертапқыштардың идеяларын "Астана ЭКСПО 2017" ұлттық компаниясының өкілдері бағалап, көптен күткен көрмеге қоюға ұсынбақ.

"Оқушылар ешкімді қайталамай өз жаңалықтарын ашып, ұсынып отырғаны қуантады. Ал кімдікін шын мәнінде ЭКСПО-ға ұсынуға болатынын сол саланың мамандары шешеді. Бірақ 2017 жылы көрмеге жас өнертапқыштардың еңбектері ұсынылатыны анық", - дейді "Астана ЭКСПО-2017" ҰК" АҚ төрағасының орынбасары Александр  Суворов.

Ал Баян Сәдуақасованың баламалы энергия алу туралы бастамасы бірер айда жүзеге асып қалуы мүмкін.

Мектеп ауласындағы әткеншектерге генераторды жалғау үшін қажетті құрылғыларға тапсырыс беріп қойыпты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/333804-balalardyn-ojyn-kezindegi-kysh-kuatynan-balamaly-energiya-aluga-bolady.html