RU

Жалғызбасты ананың үш баласына шұғыл түрде көмек керек (фото)

Жалғыз басты ананың үш баласына шұғыл түрде көмек қажет. NUR.KZ тілшісі Алматы маңындағы базар жанында орналасқан шағын ауылдың көшесінен Нұрлыбек есімді мына кішкентай балақайды көріп қалды.

Өзге балалармен емес, қолындағы күшігімен ойнап жүрді. Жауыннан кейінгі лай жерде жаздық аяқ киіммен, жұқа киінген баланың үстінің су тимеген жері қалмапты.

"Күшігің үстіңді су қылды, жібере сал. Балалармен ойна", - дегенімізде, қысылыңқырап шетте жалғыз тұрды. Сөйтсек Нұрлыбектің әрдайым кір болып жүретінін айтып, өзге балалар ойынға қосқылары келмейтінін айтты.

Ата-анаң қайда? Жасың нешеде? Есімің кім? деген сұрақтарымызға еш саспастан жауап берді. Базар маңындағы бір бөлмелі үйде қарындасы мен бір ағасы және жұмыстағы анасы төртеуінің тұратынын айтып, жалға алған бөлмелерін көрсетті.

Пәтерде Маржан есімді қарындасы бар екен. Бүлдіршін үш жасқа толғанда бірақ аяғы шыққан. Қыз баланы көргенімізде, жағдайы қатты нашар екенін бірден түсіндік. Үш жасқа толғанында бір-ақ жүре бастаған балақайдың аяғының бір сырқаты барына ұқсайды.

Ал Нұрлыбектің үйіміз деп көрсеткен жері, тіпті, Алматы күзінің суығында паналайтын жер емес екені көрініп тұр. Терезенің екі әйнегі шағылып қалған.

Біріне ересектер жастық тығып қойса енді бірі аңғал-саңғал болып, азынаған суықта ашық тұр.

Ал балалар тамақтанатын үстелдің жағдайы мынау.

Ағалары Ұланбек пен Нұрлыбек далаға ойнауға шығып кеткенде кішкентай Маржан үйде жалғыз қалады екен.

Бұл - үйдің үлкені Ұланбек. Ұланбек алтыға толғанымен әлі сабаққа бармаған. Үйдің үлкені болғанымен ойын баласы қарындасы мен інісін жалғыз қалдырып, жалға алған баспанадан алыстау жерде ойнап жүреді екен.

Бұл кісі мына үш бала тұратын үйдің жанындағы пәтерлердің бірін жалға алып тұратын кісі. Атын атамағанымен өзін суретке түсіруге рұқсатын берді. Балалардың жағдайы туралы біраз мағлұматтармен бөлісті. Айтуынша анасы қаладағы халал асханалардың бірінде ыдыс жуады. Таңғы сегізде кетіп, түңгі он екілерде үйіне келеді.

"Бұл балалардың әкесі жоқ. Күнде осылай кір-қожалақ болып жүреді. Үш айдан бері танимыз. Көршілер қолымыздан келгенше тамақ, киім беріп тұрамыз" дейді.

Кейде Ұланбек пен Нұрлыбекке ересектеу көрші балалардың өзі қолдарынан келгенше қамқорлықтарын көрсетуге тырысады екен.

Өзін Юсуф деп таныстырған мына бала ата-анасы "дүкеннен тәтті алып же" деп берген ақшаныосы балалармен бөлісуге тырысатынын айтады.

Үш баланың анасы кешкі ондар шамасында үйіне келді. Есімі Аяулым екен.  Ол шынымен де күнделікті таңнан қара кешке дейін жұмыста болатынын жасырмады. Екі рет тұрмыста болып, күйеулері өзінен "ақсың, көксің, семізсің, ақымақсың" деген себептермен жерігенін айтып көзіне жас алды.

Бұл келіншектің жасы жиырма бесте. Күйеуімен ажырасқаннан кейін бір сөмкемен үш баласын сүйреп Алматыға келген. Осы уақытқа дейін үш баласын күніне мың-екі мың теңге беретін жұмыстарды істеп бағып келген.

Айтуынша бірнеше жалға алған үйдің қожайындары "балаларың бұзық" деп қуып та шыққан. Аяулым балаларының кір әрі жұқа киінгенін айтқанымызда, "Тапқаным балалардың тамағы мен пәтерақыдан аспай жатыр" дегенді алға тартты.

"Сондықтан олар көршілер берген киіммен, жаздық сүйретпеде жүр. Кеше ғана ана екі ұлыма шұлық алдым. Қыз үйден шықпайды ғой. Оған әлі алмадым. Енді ауырып қалмай тұрғанда арзан болса да, жылы аяқ киім сатып әперсем екен", - деп жылап жіберді келіншек.

Аяулым, жұмыстан келіп түннің суығында балалары қатпасын деп сынық терезелеріне клеенка қақты.

Әйел қасиетті Құрбан айтта осындай қиын жағдайына көмек қолын созғысы келетіндер болса деп, мына телефон номерін берді: 87752831644.

Ол қазір банкте есепшот аштыра алмайды екен, себебі құжаттарын қарызына кепілге берген екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/334431-zhalgyzbasty-ananyn-ysh-balasyna-shygyl-tyrde-komek-kerek-foto.html