RU

Маңғыстау облысында аса қауіпті цезийді жоғалтқан азамат табылды

Маңғыстау облысында радиоактивті цезийі бар контейнердің жоғалуы фактісі бойынша қауіпті жүкті тасымалдаған жүк көлігін шығарушы зауытқа талап-арыз жіберілді.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Энергетика министрлігі Атом және энергетикалық бақылау мен қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Тимур Жантикин мәлім етті.

"Жүк көлігінде тіреуіштері шығып кетуінен аталған контейнер түсіп кеткен. Осы орайда көлікті шағарушы зауытқа тиісті шағым ұсынылды. Өздеріңіз білесіздер, контейнер табылған болатын", - деді Тимур Жантикин.

Осы секілді оқиғалар әлемде бұдан бұрын болғандығын айта келе ол: "өзге елдерде жүкті жоғалту оқиғалары орын алып жатады, алайда олардың табылуы екіталай. Жұма күні бізде радиоактивті заттар мен сәулелерді иондаушыларды тасымалдау үшін төрт мамандандырылған көлік тапсырылды. Бұл көліктер Ұлыбритания мен АҚШ-тан алынды. Көліктерді табыстау рәсімінде Қазақстанда радиоактивті материалдарға қатысты қадағалау жоғары деңгейде екені атап өтілді. Өйткені, жоғалған контейнер елімізде тез арада табылды", - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, тамыздың аяғында Цезий-137 салынған контейнер Оралдан Ақтауға тасымалдау кезінде Сай-Өтес пен Шетпе аралығындағы жолда жоғалған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қыркүйектің 5-інен 6-сына қараған түні Қызылорда қаласының тұрғыны белгісіз азаматтың "КамАЗ" жүк көлігімен Маңғыстау облысында жоғалған цезийді алып бара жатқандығын хабарлады.

Хабар түскен сәттен бастап, Қызылорда және оған жақын облыстардың жеке құрамаларына көлікті ұстау туралы нұсқау берілді. Полицияның жедел жұмыстары нәтижесінде түнгі сағат екіде Қызылорда облысының Шиелі ауданына қарасты Бәйгеқұм ауылына кіреберіс бұрылыста "КамАЗ" жүк көлігі жүргізушісімен және жолаушысымен ұсталды, көліктен жоғалған капсула табылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/334595-mangystau-oblysynda-asa-kauipti-czezijdi-zhogaltkan-azamat-tabyldy.html