RU

Ақтөбеде жөтелге қарсы дәрі шығаратын зауыт ашылды

Ақтөбеде тұмау мен суық тиюге қарсы дайындық жұмыстары қолға алынды. Жергілікті денсаулық сақтау саласының мамандары дәрі-дәрмек пен вакцинаны қажетті көлемде алдық дейді.

Бұл туралы Астана арнасы хабарлайды.

Қыс түсе көпшілікті кереуетке таңатын тұмаумен күрес қазанның алғашқы күндерінен-ақ басталып кеткен. Ақтөбе облысына жыл сайын шамамен 40 мың дана екпе әкелінеді. Биыл оның 22 мыңы қарттар үйіне, медицина қызметкерлері мен диспансерлік есепте тұрған жандарға бөлінген.

Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 25 млн теңге қаражат қарастырылды.

"Қазіргі кезде медицина мекемелері тұмауға қарсы күреске дайын. Барлық препараттармен тұмауға қарсы, дәрі-дәрмектермен және бетперделермен толық қамтамасыз етілген",- дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім жетекшісі Мәншүк Тұңғатарова.

Дәрігерлер бірінші кезекте ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеуге кеңес береді. Олардың айтуынша, әзірге иммунитеттің вирусқа қарсы төзімділігін көтеретін тек екпе болып отыр.

Биылдан бастап жөтелге қарсы дәріні Ақтөбеде де шығару қолға алынған. Мемлекеттің қолдауымен ашылған зауыт мия өсімдігінің шәрбәтін даярлайды.

"Бизнестің Жол картасы 2020" бағдарламасы аясында 195 млн теңге қаражат алған мекеме алғашқы өнімдерін дәріханаларға жеткізіп үлгерген. Шетелдік қымбат дәрілерге қарағанда, жергілікті шәрбәттің бағасы да арзан дейді зауыт басшысы.

"Біздің зауытта мия тамырлары терең тазартылады. Белсенді құрамдарының адам ағзасына жақсы сіңуіне сеп болады. Сонымен қатар тітіркену бола бермейді",-дейді  "ТК Фарм Ақтөбе" ЖШС директоры Жаңагүл Төреханова.

Сағатына 5 мың құты шәрбәт дайындауға мүмкіндігі бар зауыт қазір мия тамырын тұндыру үстінде. Қызылордадан келетін өсімдіктің қасиетіне оң баға берген зауыт мамандары, бұл дәріге шетелдіктер де қызығушылық танытып отырғанын алға тартты. Ал экспортқа шығару үшін халықаралық деңгейдегі рұқсат қағазын алу қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/334618-aktobede-zhotelge-karsy-deri-shygaratyn-zauyt-ashyldy.html