RU

Шымкентте бала-бақша құнының өсуі наразылық тудырды

Шымкентте бала-бақша құны қымбаттауы мүмкін. Бұған дейін әр балаға 7 мың теңгеден төлеп келген ата-аналар, енді 10 мыңға жуық ақша шығындамақ.

Ішіп жейтін ас-судың, қала берсе коммуналдық төлемдер құнының шарықтауы осылайша бала-бақша ұстап отырған кәсіпкерлерді баға көтеруіне итермелеп отырған көрінеді деп хабарлайды КТК арнасы.

Алайда, мұндай тосын сый Шымкенттіктердің көбісін тығырыққа тірейтінін айтады ата-аналар. Жалғызбасты ана Кристина Ершова балбақшаның құны қымбаттайды дегенді естігелі мазасыз. Айлығы төмен 2 жұмыста тиын-тебен алып, әр теңгені санап күн кешіп жүрген оған 10 мыңның өзі қыруар қаражат.

Енді Кристина балабақшаны қойып, өзі сияқты бірнеше адаммен бірігіп, тәрбиеші жалдамақ ойда.

"Барлығы қымбаттап жатыр. Тым құрыса бала-бақша құны көтерілмейтін шығар деп үміттенген едім. Енді не баламды үйге қамау керек, не үшінші жұмысқа орналасуым керек шығар",-дейді ол,

Шымкентте бала-бақша бағасы соңғы рет 4 жыл бұрын қымбаттаған. Ол кезде де балаларға берілетін тамаққа ақша жетпей жатыр деген желеумен көтерілген еді. Бұл жолы да сол сылтау.

250 бүлдіршінді тәрбиелеп отырған жекеменшік "Алдияр" бала-бақшасы да 7 мыңға сәбиді бір ай тамақтандыру шаш етктен шығынға батырады деп ашық айтып отыр.

"Сапалы толық тамақ ішу үшін 10 мыңға дейін жетеді. Өйткені, қазір балықтың бағасы өсті. Аптасына бір рет бала балық жеуі керек. Мәзір бойынша қара нан бөлек, ақ нан бөлек қарастырылған. Өзіңіз білесіз қара нан сәл жоғарырақ, ақ нан 40 теңге тұрса, қара нан 100 теңге тұрады. Жеміс-жидек береміз. Аптасына үш мәрте алма береміз",-дейді бала-бақшаның меңгерушісі Айжан Сариева.

Бүгінде бір Шымкенттің өзінде мектепке дейінгі 284 мекеме бар. Оның 80-і ғана мемлекеттік екен. Қалғаны жеке қолда. Бұған қоса жекенің бәріне түгел бюджеттен қаржы бөлінеді. Енді олардың барлығы қазіргі 7 мың теңгені тым болмаса 9800 теңгеге көтеріңдер деген талап қойыпты.

"Азық –түлік дейміз ғой, солардың бағалары өте басқа болған. Енді бүгінгі күні біз талдап-зерттеп отырмыз. Жақында бізде кәсіпкерлер палатасында бір үлкен жиналыс болған. Оған жекеменшік бала-бақшалар қатысқан, кәсіпкерлер қатысқан. Бұл мәселені солар көтерген, бала-бақшаларда ата-аналар төлемі өте төмен екені айтылды",-дейді  Шымкент қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Эльмира Тілеукеева.

Балабақшадағы бағаның көтерілуін енді жергілікті билік шешпек. Қанша теңгеге және қашан екенінде олар әлі зерттеп жатыр. Алайда, бюджеттік мекемеден жекеменшік бала-бақшаның көбін ескерген ата-аналар мектепке дейінгі мекемелер тек бизнес көзі деп ашынып отыр.

Бірақ, 7 мыңға балаларды тамақтандыра алмаймыз деген кәсіпкерлер болса қалай болғанда да бағаны біршама көтеруге бекінген сыңайлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/334622-shymkentte-bala-baksha-kynynyn-osui-narazylyk-tudyrdy.html