RU

Дәрігерлер қателікпен баланың қуық қалташасын жарып жіберді

Қызылорда облысында дәрігердің салғырттығынан 6 жасар бала мүгедек болып қала жаздады. Жалағаш ауданының дәрігері бірінші сыныпқа барғалы жатқан жеткіншектің жарығын, яғни грыжа ауруын емдеймін деп, оның қуық қалташасын жарып жіберген.

Салдарынан кішкентай бала мектепке бармақ түгілі кіші дәретке отырудан қалған. Бүлдіршіннің денсаулығына зақым келтірген хирург бүгінде ауруханада басқаларға да ем-дом көрсетіп жүр.Мен мектепке барғым келеді. Достарыммен сабақ оқығым келеді. Ойын ойнағым келеді.Бүгінде Диас Жомарт денсаулығына байланысты үйде білім алуға мәжбүр. Бірақ оның басқа балалармен қатар оқимын деген арманы асқақ еді. Ата-анасы керек-жарақтарын әзірлеп те қойған. Бірақ дәрігерлер жеткіншектің жарығы бар деп оған ота жасайды. Ұзақ уақытқа созылған операциядан кейін хирург қан қысымым көтеріліп тұр деп үйіне қайтып кетеді. Тіпті баланың жағдайы туралы ата-анасына мардымды жауап та бермейді. Ал, бала кіші дәретке отырудан қалады. Баланың атасы Жомарт Шәріпқұлов "Хирургтерден сұрағанымда операциясы ауыр өтті деді. Осындай қуығын жарып алдық балаңыздың деп. Сосын кейіннен жазыла ма, жақсы боп кете ме деп неғып ем, маған Мұрат деген жігіт ешнәрсе болмайды аға, уайымдамаңыз деді", - дейді.

Бірақ дәрігер айтқандай мәселе оң шешілмеді. Облыс орталығындағы ауруханада жасалған отадан кейін ғана жағдайы қалыпқа келе бастаған. 

Қадағалауымызда болады деп уәдесін үйіп төккен ақ халаттылар да қарасын көрсетпей кетті деп қынжылады Диастың әжесі."Дәрігерлердің менің алдыма келіп берген уәдесі: балаңыз 18 жасқа толғанша көмек береміз, ертең сабаққа барғанда да көмегіміз бар. Баладан көмегін аямаймыз, деп уәде берген дәрігерлер келместен кетті. Көрген де емеспіз. Больницадан шығып келдік. Вообщем, дәрігер көрген жоқпыз", - дейді әжесі Роза Күшікбаева.

Мәселенің мән-жайын анықтамақ болып, аудандық ауруханаға барғанымызда дәрігерден сұхбат алу мүмкін болмады. Камерамызды көрген хирург кабинетіне қарай бет алды.

Бүгінде аудандық аурухана басшылығы Мұрат Оспановқа ескерту берумен ғана шектеліп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/334812-derigerler-katelikpen-balanyn-kuyk-kaltashasyn-zharyp-zhiberdi.html