RU

Тобыл өңірінде бір айдан бері су астында жатқан бидай алқабы түгел шіруі мүмкін

Тобыл өңірінде биыл сабан той болмауы мүмкін. "Қазгидромет" мамандары қостанайлық диқандардың қаупіне қатер қосарлық мәлімет айтты деп хабарлайды КТК арнасы.

Яғни ауа-райын болжаушылар жауын-шашынды күн әлі де бірер аптаға жалғасады дейді. Демек, бұл – бір айдан бері су астында жатқан бидай алқабы түгел шіриді деген сөз. Ал, негізі, биыл елімізде 17 миллион тонна астық жинау көзделген болатын.

Тобыл аспанында қара бұлт үйіріліп, күннің осылайша түнеріп тұрғанына осымен 3-ші апта. Қазір қырман біткеннің басында тұралап тұрған техниканың саны көп. Егер жауын-шашын бірер күнде тыйылмаса, астық біткеннің бәрі шіруі мүмкін. 

Былтыр дәл осы уақытта егістік науқаны аяқталып, сабан тойдың алды тойланған. Ал биыл өңірде мерзімі жетсе де, әлі қырман басында бидайдың 70 пайызы жиналмай тұр.  "Шамамен қыркүйектің 29-ынан бері осылай тұрмыз. Терімді аяқтамақ түгілі, жартысына да жеткен жоқ еді. Күнде жауын, күнде батпақ. Енді не боларын кім білсін?!", - дейді технолог Виктор Поточенко.

Бидайды белге дейін басқан су осылайша егіншілердің еңсесін әбден түсіріп біткен. Өйткені енді күн құрғағанның өзінде шамадан тыс ылғалдылықтан астықтың сапасы төмендейді.

Әйтпегенде, биылғы жер құнарлығы гектарына 10 центнерден өнім алуға мүмкіндік жасаған еді.

Енді мына жағдайдан кейін тіпті келер жылға егін себу де қиын болғалы тұр. Ал көкте төнген қара бұлттың сейілетін түрі жоқ. Тіпті синоптиктер қауіпті еселеп, алдағы бірер аптаға да осындай жауынды күнді болжап отыр. Арты бірден қарға ұласуы да мүмкін. "Казгидромет"-тің синоптик-инженері Любовь Возжейникова 11-ші қазаннан бастап, Қостанай облысының басым бөлігінде күн жаңбырлы болатынын айтады. "Түнде тіпті күрт суытып, тұман түсуі мүмкін. Жел оңтүстіктен батысқа екпіндер соғады", - дейді ол.Жалпы биыл Ауыл шауарышығы министрлігі еліміз бойынша шамамен 17 миллион тонна астық жинауды жоспарлаған. Бірақ әзірге қамбада жиналған бидай қоры 12 миллионға әзер жеткен. Онда да басым бөлігі, жазғы науқанның өнімі. Бір қызығы, шығын еселенген сайын элеватор ақысы да өсіп барады. Мәселен, тоннасына қарамастан бір кептіруге 30 мың теңге бекіткен қамбалар бар.  

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/335139-tobyl-onirinde-bir-ajdan-beri-su-astynda-zhatkan-bidaj-alkaby-tygel-shirui-mymkin.html