RU

Шетелде 100-ден аса жерлесіміз лаңкестік ұйымдар жетегінде жүр

Елімізде мысық тілеулілерге қарсы күрес күшейтілді. Дерекке сүйенсек, қазір шетелдік лаңкестік ұйымдардың жетегінде жүрген 100-ден аса отандасымыз бар. 

Қауіпті санақ Парламентке жетіп, мәжіліс депутаттары адасқандардың мәселесін майшаммен қарауда деп хабарлайды Алматы арнасы.

Еліміздің бас прокуратурасы мәліметінше, бүгінгі таңда 100-ден астам қазақстандық шетелдік террористік ұйымдар құрамында. Жыл басынан бері экстремизм мен террористік әрекетке қатысы бар деген 30 қандасымыз темір торға тоғытылды.

Сонымен қатар, ғаламтор арқылы өзге бағытты үгіттейтін 1000-нан аса жазба материалға тосқауыл қойылыпты. Елімізде 2004 жылдан бері 15 террористік, 6 экстремистік ұйым анықталған.

"Әрине, экстремистік ұйымдар бізге қандай да болса, ықпал етеді. Кей кезде оны өзіміз ушықтырып аламыз. Қазіргі таңда Өзбекстанда исламдық қозғалыс бар. Ал, олар болса, Қазақстаннан алыс емес. Бірақ, нақты әрекеттерін анықтау қиынға соғады. Десе де алдын алу жұмыстары дер кезінде қолға алынса, әшкерелеуге болады", - деді саясаткер Рустам Бурнашев.

Сенат экстремизмге қарсы ұсынылған құжатты бекер қайтармаған сыңайлы. Өйткені, онда экстремистік немесе террористік ұйым болып табылатын, сондай-ақ, еліміздің тыныштығына нұқсан келетін ақпараттық материалдар есепке алынбаған.

Сонымен қатар, шетелдегі өзге бағытты ұстанатын немесе қатысы бар адамдарды елге кіргізбеу туралы мәселе де қаралу қажет.

"Қазіргі уақытта біз Әл-Каида лаңкестік тобының және басқа да террористік топтардың таяу шығыс пен солтүстік Африка елдеріндегі үстемдік жүргізіп отырғанын көріп отырмыз. Оларды қолдайтындар да бар. Олардың негізгі мақсаты Орталық Азияны жаулау", - деді ТМД терроризмге қарсы орталықтың төрағасы Андрей Новиков.

Айта кетсек, келесі жылдан бастап жаңа қылмыстық кодекс күшіне енеді. Онда экстремизм мен терроризмге қатысты жаза күшейтілген. Дегенмен, өзге ағымдарды үгіттейтіндердің қатары көбеймесе, азаймапты. Статистикалық мәлімет бойынша,арбауға түсетіндердің басым бөлігі жастар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/335408-shetelde-100-den-asa-zherlesimiz-lankestik-yjymdar-zheteginde-zhyr.html