RU

Таразда оқушыға қол көтерген лаборант жұмыстан қуылды

Тараздағы № 46 мектепте жанжал шығып, соңы үлкен дауға айналды. Мектеп директорының айтуынша, 21 жастағы зертханашы 5-сынып оқушысын балағаттағаны үшін шапалақпен салып жіберген, деп жазады khabar.kz.

Балаға қол жұмсаған қызметкер қатаң сөгіс алып, жұмыстан босатылды. Зертханашының жұмыс істегеніне де небәрі 1-ақ жыл болған.

"Тәжірибесі аз, жас маман болғандықтан осындай олқылыққа жол беріп отыр", - дейді оқу орнының басшысы Әмина Әбдірахманова.

Кезекшілікте тұрған зертханашы балалар жүгіргеннен кейін ескерту жасаған. Сол кезде балалардың бірі оны балағаттапты. Содан артынан кіріп, балаға жақындап бетінен ұрып жіберіпті.

Ал, таяқ жеген баланың отбасы бұл істі аяқсыз қалдырмауға бекінген. Тіпті, ашуға мінген ата-ана баласына қол көтерген зертханашының үстінен полицияға шағымданды. Енді істің ақ-қарасын полиция тексеруде. Қалалық ішкі істер бөлімі осы оқиға бойынша енді түсініктеме бермек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/335634-tarazda-okushyga-kol-kotergen-laborant-zhymystan-kuyldy.html