RU

Қызылорда облысында ауыл әкімдігі мектепке көшіп келді

Қызылорда облысындағы Төңкеріс ауылының басшысы мектеп ішін әкімдікке айналдырған. Онсыз да тар білім ұясына шенеуік бүкіл қызметкерлерімен қоса кіріп алыпты. Ол аздай, оқу орнының бір бұрышы азық-түлік дүкеніне айналған деп хабарлайды КТК арнасы.

Әкімі мен кәсіпкері қатар қоныстанған әмбебап мектепке ата-аналар таңданып отыр.

Аядай ғана ауыл мектебі. Үзілісте асыр салған оқушылармен қатар мұнда қабағы қатулы ересектер де қаптап жүр. Жоқ, бұлар мұғалімдер емес. Қызылорда облысы Төңкеріс ауылы әкімдігінің аппарат қызметкерлері.    Әкімдік балалар жаттығатын денешынықтыру залына орналасыпты. Ал әкімнің өзі оқушылар киініп-шешінетін бөлмеде хатшы қызбен бірге жайғасқан.    "Ғимарат жоқ бізде. Клубта отырғанбыз. Оны да бұзып тастады", - дейді әкімдік қызметкерлері.Осылайша, ауыл әкімі елді-мекенді білім ұясында отырып басқаруда. Тұрғындардың маңызды мәселелері де осы мектептің ішінде шешіледі екен. Мемлекеттік қызметкерлер мұнда мәдениет үйінен көшіп келіпті. Ауылдағы жалғыз клубтың төбесі ойылып ортасына түскен екен. Ал мектеп директорының бұл жағдайға көнбеске шарасы жоқ.     Мектептің өз жағдайы да мәз емес. Балалардың отыратын орындықтары әбден ескіріп, тіпті, тақтасына дейін қабырғадан түсіп қалыпты.Оқушылар сабақты таңертеңнен қара кешке дейін тізерлеп отырып жазады. Тек мұнымен мектеп директорының шаруасы жоқ сияқты. Ол "көршілерінің" жағдайын көбірек алаңдаудлы.Бұл мектепте қызық жағдай көп боп тұр. Бірінші қабатқа әкім жайғасса, екіншісінде дүкен ашылған. Азық-түлік, кір езетін сулық дейсіз бе, бас жазардан басқасының бәрі бар. Тек мектеп ішіндегі дүкеннен мектеп директорының өзі бейхабар болып шықты.        Оқушыларға әкіммен бірге тағы бір жыл отыра тұруға тура келеді. Өйткені, осыған дейін ауыл басшысы паналаған клубтың құрылысы тек келесі жылдың қараша айында ғана аяқталмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/335952-kyzylorda-oblysynda-auyl-ekimdigi-mektepke-koship-keldi.html