RU

Қызылорда облысында ауыл әкімі мектепке көшіп келді (фото)

Қызылорда облысы Шиелі ауданына қарасты Төңкеріс ауылындағы №158 орта мектебін жергілікті әкім паналап отыр.

Ауылдағы жалғыз мәдениет үйінің  бір бөлігі ауыл әкімінің  кеңсесіне, енді бір бөлмесі ауылды азық-түлікпен қамтамасыз ететін дүкенге, қалғаны балалар білім алатын сыныпқа айналған деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

 

Мына мектеп тура қазір Төңкеріс ауылында қалған жалғыз мәдениет үйі. Ауылдықтарға қажеттінің барлығы осы мектепке көшіп келген.

Бұл жерге балалар білім алуға келсе, ересектер әкіммен жолығып шаруасын шешіп, үйлеріне азық-түлік алуға келеді.

Мектептің үлкен кіреберісінің сол жағындағы мына есік әкімдік. Есік аузына ту тігіліп, әкімдік екенін растай түсетін тақташа ілінген.

Журналистер барған кезде ауыл әкімі жаңа кеңсесінде болмай шықты. Есімін атағысы келмеген суреттегі кісі бұл жерге жақында көшіп келгендерін, әлі толықтай жайғаспағандарын айтты.

Ол  "Әкімдік бұған дейін ауыл клубында отыратын. Ол жерде қазір құрлыс жұмыстары жүріп жатыр. Сол себепті  мектепке көшіп келуге мәжбүр болдық" дейді.

Ал мынау мектептің асханасы емес, барша ауылдықтар қажетін алар орталық дүкен.

Ал көрші бөлмеде, оқушылар білім алуда. Мектеп жихаздарының көбі қатты көнерген. Мына сыныптың оқушылары тақтаға шыққанда суреттегідей тізерлеп отырып жазуға мәжбүр.

Бұл кісі оқу ордасының директоры Әлия Нұрмағамбетова. Мектептегі түсініксіз жайттарға қатысты сұрақтарға жауап беруден бірден бас тартты.

Айтқаны: "Мен директор болып тағайындалғаныма он күн болды. Әлі ештеңені толық білмеймін. Сондықтан мені түсірмеңіздер".

Сұрастырсақ бұл кісі осыған дейін он жылдай тура осы мектепте директордың орынбасары болып еңбек еткен екен.

Бұл жерде бұған дейін ауыл әкімдігі отырған. Қазір, ауылдағы жалғыз мәдениет үйінде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

Құрылыс бригадирінің сөзінше, құрылысшылардың біразы - Өзбекстан елінің азаматтары.

Журналистер сөйлескен кезде оларда жасырып қалған жоқ. Өздерін хорезімдікпіз деп таныстырды.

Мәдениет үйінің құрылысы 2015 жылдың күзінде аяқталуы тиіс деп жоспарланған. Оған дейін әкімдік мектеп кеңсесінде отырады ма, ауылдың дүкені неге мектеп ішінде деген сұрақтар басы ашық қалды.

Төңкеріс ауылының тұрғындары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/335998-kyzylorda-oblysynda-auyl-ekimi-mektepke-koship-keldi-foto.html