RU

Көріпкелдер жоғалған Темірланның тірі екенін болжады

Ақтөбе қаласында жоғалып кеткен 5 жасар Темірлан Сандыбаев тірі. Мұндай шешімге көріпкелдер келіп отыр.

Бұл туралы "Диапазон" газетіне сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды. Жоғалған Темірланның тәтесі Майра Төрениязова өздерінің ресейлік балгерлерге хабарласқанын айтқан.

"Ресейлік көріпкел бізге баланы 1 және 3 саны бар ғимарат маңынан іздеу керектігін айтты. Танымал экстрасенс Бақыт Жұматоваға да хабарластық. Ол баланы жоғалғаннан соң, 5-і күні табылады деп сендірді", - дейді Майра.

Сонымен қатар, көріпкелдер баланы жағалаудан табылады деген соң, Темірланды іздеуші еріктілер тобы Ақтөбе, Елек, Қарғалы өзендерін түгелдей сүзіп шыққан.

Жоғалған Темірланды соңғы рет теміржол вокзалы маңынан көргені туралы жазған болатынбыз. Бүгінде 5 жасар сәбиді іздеуге арнайы мамандардан бөлек, бүкіл қала тұрғындары кіріскен.

Осы оқиғаға орай, қалада педофилдер тобы пайда болды деген суыт хабар да шықты. Ұялы телефондарға жіберілген хабарламаларда екі педофилдің фотороботы да жасалған. Педофилдерде әдейі балаларды мысық пен күшікті алып келуге жұмсап, көліктеріне салып алады деген ақпарды тәртіп сақшылары растамай, жоққа шығарды.

Қазіргі таңда тек Ақтөбе халқы емес, барша Қазақстан жұрты Темірланның табылуын тілеп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/336005-koripkelder-zhogalgan-temirlannyn-tiri-ekenin-bolzhady.html