RU

Алматы облысындағы әйелдер колониясы тұрғындарының тыныс-тіршілігі (фото)

NUR.KZ тілшісі Алматы облысы, Жауғашты ауылындағы әйелдер колониясында болып қайтты. Тағдырдың тәлкегімен темір тордың арғы жағына түскен әйелдердің тыныс-тіршілігімен біздің фоторепортаждан таныса аласыздар.

Бұдан былай түзету мекемесінде жазасын өтеушілерге белгілі бір деңгейде күндіз еркіндік берілмек.

Бас прокурордың орынбасары Жақып Асановтың  мәліметінше, жаңа заң жобасына сәйкес жазасын өтеушілер тек кешкісін ғана камераға тоғытылады. Қалған уақытта рұқсат етілген аймақта еркін жүру мүмкіндігін алмақ. Мұны прокурор тұтқындағылардың 91 пайызы жеңіл қылмыс жасағандығымен байланыстырады.

Виктория Иконова наша тасымалдағаны үшін он жылға темір торға тоғытылған. Қазір жазасының алты жылын жақсы өтегені үшін жұмысқа араласу мүмкіндігін алыпты. Қалған төрт жылын өткізіп, бостандыққа шығатын уақытын тағатсыздана күтіп жүр. Үйіндегі екі кішкентай қызын сағынғанын айтады.

ЛА-155/4 әйелдер түзету  мекемесінде жазасын өтеуші Виктория Иконова "Шындығында мұндай жаңа заң шығуына мен қатты қуаныштымын. Себебі ертең күшіне енетін болса, барлық жазасын өтеушілер үшін жақсы болар еді. Оның біздің денсаулығымызға да пайдасы көп", -  деген ойымен бөлісіп, жаңа заңның іске қосылуына қуанып қалды.

Виктория бостандықта наша тасмалдағандағы мақсатын да жасырмады.

"Көпшілік наша тасмалдайтындар, сататындар ақшаға батып отыр деп ойлайды. Ол ой мүлде дұрыс емес. Жүрген жерінде қорқып, кім аңдып тұр деп алаңдап өмір сүру де оңай емес. Басында ақшасын алып әлеуметтік жағдайымды аяққа тұрғызып аламын деп ойлағам. Кейіннен өзімде бұл жұмысты тастау керектігін біліп жүрдім. Кім білсін, ненің себеп болғанын, ақыр аяғы осылай жазаға кесілдім", - деп көзіне жас алды.

Викторияның тәртібін абақты басшылары да жақсы деп отыр. Мүмкіндік болса бостандыққа жолдама алатындардың бірі деп санайды.

Бұл абақтыда қазір мыңнан астам 16 мен 82 жас аралығындағы азаматшалар жазасын өтеп жатыр. Олардың дені - алаяқтықпен, наша саудалауға қатысы болғандықтан, кісі өлтіргені үшін бас бостандығынан айрылғандар.

Әйелдер түрмесіндегі тәртібі жақсы жазасын өтеушілер сиыр, балық етінен тағам дайындаумен айналысады. Арнайы киім тігеді. Абақтыдағы ақтау-сырлау жұмыстарын істейді.

Осы үшін ақы алып бостандықтағы туыстарына жіберіп отырады. Бұл жұмыстың өзіне бір жылдан астам уақыт  сыналған, тәртібін жақсы жағынан көрсете білген жазасын өтеушілер ғана тартылады.

Жазасын өтеушілерге түрме басшылығы бостандыққа шыққанда, қоғамнан шеттеп қалмасын деген мақсатта заманауи техникаларда жұмыс істеуге оқытады. Жазасын өтеушілер компютер программаларын үйреніп жатыр.

Алматы облысының Жауғашты ауылындағы бұл түзету әйелдер колониясы кеңес заманынан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда бұл жерде 1000-нан аса әйелдер жазасын өтеуде.

Сонымен қатар бұл "ЛА-155/4"  түзеу мекемесінде ішкі тәртібі дұрыс болғандар ғана түрлі өндірістік тәжірибеде еңбек етеді екен. 

Қылмыстық-іс жүргізу заңнамаларына толықтырулар енгізіліп, жазасын өтеушілерге көңіл бөлінгенін дұрыс деп санайды түзету мекемесі бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Астапова Анастасия.

Бұл азаматтар жасаған тұшпаралар тек жазасын өтеушілерге таратылады.

Айта кететін жайт, түсүру тобы тек түрме басшылығы рұқсат еткен әйелдермен сұхбаттасып, рұқсат етілген аймақты ғана түсірді. Абақтының әр түрлі деңгейдегі жазасын өтеушілермен тілдесу мүмкін болмады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/337296-almaty-oblysyndagy-ejelder-koloniyasy-tyrgyndarynyn-tynys-tirshiligi-foto.html