RU

Жоғалған Темірланның әкесі ұлын біреулердің қинап өлтіргенін айтты

Ақтөбеде өзен жағасынан табылған Темірланның кісі қолынан қаза тапқандығына әкесі сенімді. Нұрлыбай Бартаев кеше бес жасар ұлының мәйітін өзі көріп, үйіне алып келген деп хабарлайды bnews.kz.

Темірланның әкесі сол жақ қолы мен жамбас тұсынан жіп іздерінің қалғандығын айтады. Сонымен қатар, ол  баласын қаншама күн бойы белгісіз біреудің аш ұстағандығына сенімді.

"Баламды суға жақында лақтырып тастаған. Себебі денесі бүлінбепті. Суда он шақты күн жатып қалса, ісініп кетуі керек еді ғой. Жіп іздері қолы мен жамбасынан көрінеді. Қарнында ештеңе жоқ, қабысып қалған. Оны аш ұстап, бірер күн бұрын ғана лақтырып тастаған", - дейді Темірланның әкесі Нұрлыбай Бартаев.

Бүгін баспасөз мәслихатында ішкі істер департаменті өкілдері Темірлан Сәндібаевтың кісі қолынан өлмегендігін айтқан еді. Енді баланың әкесі олардың сөзіне күмәнданып, оқиғаны жіті тексеруді талап етіп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, тура екі апта бұрын Темірлан Сәндібаев өз үйінің қақпасының алдында ойнап отырған жерінен жоқ болған еді. Оны қаланың бүтін халқы іздеуге шықты.

Кеше Ақтөбе іргесіндегі Келешек ықшам ауданындағы саяжай аумағынан Қарғалы өзенінің жанында саңырауқұлақ теруге шыққан 45 жастағы қала тұрғыны баланың мәйітін тауып алды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/337356-zhogalgan-temirlannyn-ekesi-ylyn-bireulerdin-kinap-oltirgenin-ajtty.html