RU

Футболдан Қазақстандағы ең қымбат клуб анықталды

Немістің Transfermarkt.de порталы Қазақстан Премьер-лигасында ойнайтын клубтардың бюджеті мен ел біріншілігінде ойнайтын футболшылардың трансферлік нарықтағы бағасын есептеп шықты.

Бұл туралы "Алаш айнасы" газеті жазады.

Порталдың тізімі бойынша бірінші орынға Алматының "Қайраты" жайғасқан. Оңтүстік астаналық клуб бірінші командасында ойнайтын 28 футболшы үшін 11 миллион 530 мың еуро жұмсаған екен.

Команданың орташа жасы – 25,2. "Қайрат" сапындағы ең қымтат ойыншы Жерар Гоу. Кот-д’Ивуарлық шабуылшыны портал 1 миллион 800 мың еуроға бағалапты. 

Ал алматылық ұжымның сапындағы ең қымбат қазақстандық ойыншы - Жамбыл Көкеев. Оны портал 500 мың еуроға бағалаған. Екінші орында 350 мың еуромен Бауыржан Исламхан тұрса, отандық футболдың жарық жұлдызы Самат Сымақов 200 мың еуромен үшінші сатыға жайғасқан.

Тізімнің екінші сатысында "Ақтөбе" клубы тұр. Бұл ұжым 23 ойыншы үшін 10 миллион 580 мың еуро жұмсаған. Клуб ойыншыларының орта жасы 28,2-ге тең келеді.

Батыс қазақстандық клуб сапындағы ең қымбат ойыншы да легионер. Ол Алексей Антонов. Трансферлік нарықтағы құны – 1 миллион 800 мың еуро

24 ойыншысына 8 миллион 430 мың еуро жұмсаған "Астана" клубы портал жасаған тізімнің үшінші сатысынан ойып тұрып орын алған. Елордалық клуб ойыншыларының орта жасы – 25,9. Ал Стономир Стойлов жаттықтыратын футболшылар арасында болгариялық шабуылшы Атанас Курдовтың бәсі биік. Оның құны – 1 миллион еуро.

Бұл клуб сапындағы ең қымбат қазақстандық ойыншы – Таңат Нөсербаев. Ол трансферлік нарықта 500 мың еуро тұрады. Одан кейін Дмитрий Шомко (400 мың еуро) мен команданың капитаны Қайрат Нұрдаулетов (200 мың еуро) орналасқан.

Сондай-ақ, қымбат клубтардың алғашқы алтылығына "Шахтер", "Ордабасы" және "Қайсар" енген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/337937-futboldan-kazakstandagy-en-kymbat-klub-anyktaldy.html