RU

Алматыдағы қаңғыбастар үйін бизнесмендер де мекендеп келген

Алматыдағы қаңғыбастарға арналған бейімдеу орталығынан бизнесмендер де пана тауыпты. Дұрысы, жеке кәсібі бар, көлікті, банктен қомақты несие алуға мүмкіндігі бар азаматтар қаңғыбастар мекемесіне заңсыз тіркелген.

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Қаңғыбастардың тамағына ортақтасып келген, әлеуметтік ахуалы мүшкіл азаматтардың қатарындағы қалталыларды - орталықтың жаңа басшылығы біліп қойыпты.

Халық арасында БОМЖ-дардың мекені аталып кеткен уақытша бейімдеу орталығына бизнесмендердің де тіркелгенін мекеменің қазіргі басшылығы байқапты. Өйткені, онсыз да өз күндерін әупірімдеп әрең көріп жүргендерге - банктердің қомақты қаражатты қарызға бермесі анық.

Бірақ, осында тіркелген бірнеше азаматтың банктен алған несиесін қайтара алмай жүргендігі туралы ескертпе қағаз бейімдеу орталығына бірнеше мәрте келген.

Сондай-ақ, қаңғыбастар орталығының тұрғындарының атына көлігі үшін, қомақты айыппұл төлеу қажеттілігін ескерткен ұйғарымдар да үйіліп қалған көрінеді.

"136 адамның бізде тіркеуде тұрғаны, бірақ  нақты тұрмайтыны анықталды.Олардың кейбірі бір жыл, кейбірі бір жылдан да көп тұрған", - дейді Алматыдағы Әлеуметтік бейімдеу орталығы директорының орынбасары Бахтынұр Сапанова.

Бейімдеу орталығының басшылығы мекеменің қазіргі ахуалы айтарлықтай өзгергенін айтады. Мәселен, бұрындары күн жылы кезде келушілер тұтастай орталықты босатып, өз жөндеріне кететін болған. Өйткені, бұрынғы басшылық орталықты босатыңдар деп бұйыратын көрінеді.

136 адамның бізде тіркеуде тұрғаны, бірақ  нақты тұрмайтыны анықталды.Олардың кейбірі бір жыл, кейбірі бір жылдан да көп тұрған

Ал, қаңғыбастар мекемесін жыл сайын мекендейтін Бақыт Алпысбаева да тамақ сапасында да өзгеріс бар деп отыр.

"Қою тамақ бар. Бұрын кіл сұйық болатын. Бірақ жамандай алмаймын, адам тамақ ішкен жерін жамандамайды. Былтыр да жақсы тұғын. Биыл біраз өзгеріс бар", - дейді ол.

Бұрынғы қожайынның былығы туралы білген мекеменің қазіргі басшылығы бұл мәліметттерді прокурорлардың қолына ұстатқан. Алайда, Алматы қаласындағы құзырлы орган қызметкерлерінен осы жағдайға қатысты жауап ала алмадық. 136 адамды заңсыз тіркеуге алған басшы болса, өз өтінішімен жұмысынан кеткен. 

Құзырлы орган қызметкерлерінің тексеру қорытындысында бейімдеу орталығының бұрынғы басшыларының үстінен дәл осы іске қатысты қылмыстық істің қозғалған, әлде қозғалмағандығы туралы нақты мәлімет жоқ.

Яғни заңсыз тіркеуде тұрған 136 азаматтың күтіміне мемлекет бюджетінен қанша қаражаттың бөлінгені де белгісіз. Ендеше, әлі қанша мәрте банктерден қарызы бар азаматтар туралы ескертпе қағаздардың келетіндігі де белгісіз деген сөз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/338206-almatydagy-kangybastar-yjin-biznesmender-de-mekendep-kelgen.html