RU

Алдағы жылдардың кіріс-шығысы мұнайдың бұрынғы бағасы бойынша есептелді

Парламенттің төменгі палатасы көптің көңілін күпті қылған бюджетті бекітті. 2014-2016 жылдардың кіріс-шығысы мұнайдың бұрынғы бағасы бойынша, яғни 95 доллар көлемінде есептелген.

Десе де, соңғы екі айда қара алтын арзандап, әлемдік экономика құлдырап барады. Қазір мұнайдың бір баррелі 85-86 доллар шамасында тұр. Біздің оптимист шенеуніктер болса, келесі үш жылдық бюджетті де, бар болғаны 5 долларға кемітіп, 90 доллармен қарастырамыз деп отыр.

Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев: "Бұл - орташа жылдық көрсеткіш. Өйткені осы жылдың 8 айын алып қарасақ, орташа әлемдік есеп бойынша қара алтын бағасы 107 доллардың айналасында болды. Бүгін енді оның құнының 85 долларға дейін төмендеп кетуі мүмкіндігін ескерсек орташа жылдық көрсеткіш 95 долларды шығарып тұр", - деді.

Жаман айтпай жақсы жоқ. Егер қара алтынның құны тағы да құлдырай берсе, бюджет бүйірі барынша қысқартылмақ.

Естеріңізде болса, премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев осыған дейін "мұнай арзандай берсе бюджетті 80 долларлық деңгеймен қайта қарастыруға дайынбыз, ал 60-қа дейін құлдыраса, онда да қайта есептеулер болатынын" айтқан еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/338209-aldagy-zhyldardyn-kiris-shygysy-mynajdyn-byryngy-bagasy-bojynsha-esepteldi.html