RU

Қазақстанда мыңдаған жанұя бала сүйе алмай жүр

 Астанада жүздеген жанұя жасанды ұрықтандыруға қолы жетпей жылап  жүр. Бала сүю бақытынан айырылған жұбайлардың құны  миллион теңге тұратын медициналық қызметке жүгінуне мүмкіндігі жоқ. Ал, мемлекеттен бөлінетін квота болса тым аз.

 Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Елордада жылына не бары 30 келіншекке тегін ұрықтандыру жасалады. Осы кезде халық саны сәт санап артып келе жатқан бас қаламызда баласыз, бақытсыз күн кешіп жатқан отбасылардың да қатары көбейіп барады.Бала сүйе алмай жүрген отбасылар ЭКО клиникаларға хабарласып, келісім жасалған соң, инкубаторларда эмбриондар көбейеді. Әр тостақанда эмбриондардың саны, әйелдің аты-жөні жазылған.Дәрігерлер жылдар бойы балалы бола алмай жүрген жұбайлардың эмбрионын арнайы аппараттарда баптап, бақылап, ананың жатырына салып береді.Көбіне мұнда түрлі ем-домннан еш нәтиже болмаған жандар келеді . Солардың бірі – Айгүл. 9 жылдан бері құрсақ көтере алмаған келіншек алдымен ел ішіндегі емшілерді аралаған. Түк шықпаған соң екі жыл бұрын жасанды ұрықтандыру жасату үшін мемлекеттік квотаға кезекке тұрыпты.

"Жергілікті жерлерден ем алдық, одан кейін Алматыда ем алдық. Осы Астанаға бірінші рет келіп тұрмын. Еміміз аяқталып қалды, алдағы демалыс күні функция салады", - дейді ол. Айгүлдің  қайта жолы болған. Екі жыл дегенде кезегі келіп, бағын сынап көрмек. Әйтпесе, құны 1 миллион теңге тұратын бұл қызметті ақылы алуға мүмкіндігі болмас еді. Ал, Астанада мұндай жасанды ұрықтандыруға қолы жетпей жүрген жүздеген жұп бар."Биыл 600 жұпқа ақша бөлінді. Келесі жылы 750-ге, болашақта 2000-ға  арттырамыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл "Саламатты Қазақстан" бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Туған балалардың санына қарағанда, нәтижесі жаман емес. ЭКО жасауға  5 клиника қатысады. Оның үшеуі жеке меншік, екеуі мемлекеттік мекеме", - дейді Ана мен бала  денсаулығын қорғау басқармасының басшысы Элмира Ахметова.

Көбіне квота тұрғыны көп Алматы мен Оңтүстік Қазақстанға бөлінеді екен. Ал, астаналық келіншектерге осы квотаның не бары 30-ы ғана бұйырады. Жыл сайын халық саны артып келе жатқан Елорда үшін бұл тым аз."Мен Үкімет осы мәселені көтеріп, қолға алса екен деп ойлаймын. Өйткені, қолдан ұрықтандыруды  ақылы жасатауға кез-келген адамның қолы жете бермейді. Кем дегенде Қазақстан үшін 3 мың квота бөлінсе, мәселені толық шешуге болар еді", - дейді "Астана ЭКО лайф" клиникасының директоры Алмагүл Ахметова.

Дәрігерлердің айтуынша, қазір елімізде 2 мың әйел қолдан ұрықтандыруға зәру. Бұл ресми тіркелгендері ғана. Ал, белсіз, бедеу екендерін жасырып жүргендер қаншама.

Сондықтан ұрпақсыз қалып жатқан жанұяның саны бұдан әлде қайда көп. Жалпы, елімізде 9 мың бала жасанды ұрықтандыру арқылы дүниеге келіпті. Ең үлкені қазір 18-де екен. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/338446-kazakstanda-myndagan-zhanyya-bala-syje-almaj-zhyr.html