Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жүрсін Ерман: Оразалының тірі кезінде қадірін білмедік

Опубликовано:

Бұл туралы Жүрсін Ерман Алматыда өткен айтыс өнерінің ақтаңгері Оразалы Досбосыновты еске алу кешінде айтты. Кеште жыр қадірін ұғар жамағат "Құлманбеттен қалған құлынның" алтын қорда сақталған айтыстарынан үзінді тамашалады деп хабарлайды КТК арнасы.

Айтыскер ақын 2004 жылы жол апатынан қаза тапқан еді. Артында жары мен екі перзенті қалды. Кейін бұл отбасында тағы да қайғылы жағдай болды. Отызға толмай қыршынынан қиылған ақынды "Сағындым сені" деп жоқтаған әнші жары Ажар Түзелбекқызының да соңғы демі қара жолда үзілді.

Осылайша, киелі өнер табыстырған қос жұлдыздың ажалы да ұқсас келді. Оларды еске алған жақындары мен достары Оразалы мен Ажардың әруақтарына арнап ас берді. Жиынға қос қыршынның балалары Нұрайша мен Нұрсұлтан да келген. Ал аға буын өкілдері тірі кезінде ақынның қадірін біле алмадық дейді.

"Оразалының тектілігі, кісілігі, кішіпейілділігі, осының өзі бір ерекше қасиет. Біз қазақ ант ұрған халықпыз. Әр нәрсенің қадірін уақытында білмейміз да қолдан сусып шығып кеткен соң өкініп отырамыз. Осы сөзім Оразға да тап келеді. Ол сахнада дүрілдетіп өнер ашып жүргенде қадірін көп адам біле қойған жоқ. Енді келіп бүгін санымызды соғып отырмыз", - дейді Жүрсін Ерман.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/338449-zhyrsin-erman-orazalynyn-tiri-kezinde-kadirin-bilmedik/

pixel