RU

"Болашақ" бағдарламасының түлектері арзанқол жұмысты менсінбейді

"Болашақ" бағдарламасымен шетелде оқып келген түлектер кейбір ұсынылған жұмыс орындарын менсінбейтін көрінеді. Көпшілігі бірден ұлттық компанияларда жетекші маман немесе басшылық қызметтерге орналасуды қалайды.

 Бүгін "Болашақ" қауымдастығының өкілдері осындай мәселе барын алға тартты деп хабаралайды Жетінші арна.

Оның үстіне,  шетелде білім алып келген жастардың жұмысқа орналасуына кедергі жәйттер де бар екен.

Шетелден білім алып, елге келген соң мұрнын шүйіріп, жұмыс таңдап жүріп қалатын жастар баршылық. Мұны бүгін "Болашақ" қауымдастығының өкілдері мойындады. Сондықтан болар, осы бағдарламамен оқып келгендерге арнап Астанада бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды. Оған 40-тан астам компания өкілі келді.

Бірақ бәрінің қойған талабы біреу - жұмыс тәжірибесі қажет. "Шетелде оқысам болды, ұлттық компанияға орналаса қалам деген қағиданы жастар ұмытуы керек", -дейді жұмыс берушілер.

"Бүгін біз жәрмеңкеде 11 жұмыс орнын ұсынып отырмыз. Мәселен, бас менеджер болғысы келетін адамның кем дегенде 5 жыл еңбек өтілі болуы керек. Оның 2 жылында ол басшы болып жұмыс істеген болуы тиіс. Ал тәжірибесі жоқтарды біз мүлде ала алмаймыз", - дейді "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ департамент менеджері Гуля Сүлеева.

Шетелде оқысам болды, ұлттық компанияға орналаса қалам деген қағиданы жастар ұмытуы керек

Ал 2009 жылдан бері АҚШ-та оқып келген Әділет Сүлейменов екі айдан бері жұмыс іздеп жүргенін, бірақ көп мекемелердің тәжірибеге мән беретінін айтты.

Сөйтіп, ұлттық компанияларға орналаса алмаған "болашақтықтар" басқа ұсақ-түйек жұмысқа барғысы келмейді екен. Сондықтан, ұйымдастырушылар талабы таудай түлектермен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Мәселен, "Бәйтерек" ұлттық басқару холдингінің төрағасы Қуандық Бишімбаев түлектерге ақыл-кеңес беріп жатты.

Оның айтуынша, "Болашақ" бағдарламасымен болсын, өз елімізде оқып бітірген түлек болсын, еңбекқорлығы болмаса өзін жоғары ұстау амбициясы еш көмегін тигізбейді.

Осы отырыста "Қазақмыс" ұлттық компаниясының өкілі болашақтықтарға бірден жоғары жалақы алу мүмкіндігі болмайтынын түсіндірмек болды.

Айта кетейік, 1993 жылдан бері "Болашақ" бағдарламасымен 7 мыңнан астам студент шетелде оқып келген. Оның 7-8 пайызы, яғни биыл оқуды бітіріп оралған түлектер ғана әзірге жұмыссыз жүр. "

Алайда бұл мәселе 2-3 ай көлемінде шешіледі. Біз оларды ұлттық компанияларға тәжірибеден өтуге өзіміз ұсыныс жасаймыз" деп отыр "Болашақ" қауымдастығының өкілдері.

Олай болса бүгінгі бос орындар жәрмеңкесінің не үшін өткізілгені түсініксіздеу болып қалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/338496-bolashak-bagdarlamasynyn-tylekteri-arzankol-zhymysty-mensinbejdi.html