RU

Вице-премьер бензин бағасы төмендесе, "ҚазМұнайГаз" шығыны артатынын айтты

Қазіргі таңда, Қазақстандағы бензин тапшылығы 1,5-1,9 млн тоннаны құрайды. Бұл туралы бүгін Сенаттың жалпы отырысында жоғарғы палата депутаттарының сұрағына жауап бере отырып, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.

Бұл туралы bnews.kz хабарлайды.

"Мұнай бағасының құлдырауына байланысты бүкіл әлемде бензин бағасы арзандауда. Өкінішке қарай, біздің елде керісінше, бензин бағасы қымбаттауда. Мұның себебі неде?", - деді сұрақ қойды депутат Қуаныш Айтаханов.

Баспасөз беттерінде жазылғандай, 2014 жылдың 14 қазанында Қазақстан Әзірбайжан елімен "АИ-92" маркалы алты мың тонна бензин жеткізу туралы келісімшартқа қол қойған. Оның 3 мың тоннасына толығымен ақысы төленді.  Осы үш мың тонна бензин 10 қарашға дейін жеткізілуі тиіс болатын. Депутат  осы жұмыстың қалай шешілетінін де сұрады

"Өздеріңіз білесіздер, баспасөз беттерінде де, Энергетика министрлігінде де осы сұраққа жауап беріліп жүр. Дегенмен де, осы мәселеге тоқталып өтейін. Қазір елімізде бензин тапшылығы 1,5-1,9 млн тоннадай болады. Яғни, біздің өнім ішкі қолдануды толығымен жаппайды", - деді Сағынтаев. 

Ол бүгінгі күнге дейін еліміз қосымша өнімді Ресейден алып келгенін айтты.

"Бағасы жағынан қарайтын болсақ, біздің ішкі нарық пен Ресейді салыстырсақ, 20-30 теңге айырмашылық бар. Яғни, бізде баға төмен. Қазір жетпей отырған бензинді "ҚазМұнайГаз" өз қаражатына әкеліп отыр. Егер де біз ішкі нарықта осы бағаны тағы да төмендетсек, онда "ҚазМұнайГаздың" шығыны одан сайын көбейетін болады. Сол себепті, қазір алғашқы қабылданған формула бойынша жұмыс жасап отырмыз",- деді премьердің бірінші орынбасары.

Үкімет алдағы уақытта осы формуланы өзгерту мәселесін қарайды.

Сағынтаевтың айтуынша, Қазақстан тек Әзірбайжан емес, Ресей, Беларусь, Қытаймен де бензин жеткізу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/339252-vicze-premer-benzin-bagasy-tomendese-kazmynajgaz-shygyny-artatynyn-ajtty.html