RU

"Құбылай хан" туралы танымал телехикаяға қазақ актері түскен

Қазақстандық көрермен мемлекеттік телеарнадан бір айдан аса уақыт тамашалаған Қытайдың "Құбылай хан" көпсериялы тарихи-көркем фильмінің көрсетілімі қарашаның 3-і күні аяқталды. Атаған телехикаяда моңғол қолбасшысының рөлін этникалық қазақ Дәлелхан Қадыр ойнаған.

Бұл туралы Азаттық жазады.

Телехикая орта ғасырларда көшпенділердің қуатты империясын құрған Шыңғыс ханның немересі Құбылайдың өмірін суреттейді. Фильмде моңғол қолбасшысы Сухэ батырдың рөлінде ойнаған Шыңжаңда тұратын этникалық қазақ Дәлелхан Қадыр телехикая түсірілімі туралы әңгілемеді.

"Бізде кино саласында танылған қазақ, ұйғыр, моңғол, тибеттіктер сияқты аз ұлт өкілдері саусақпен санарлықтай ғана. Үлкен тарихи фильмдерге түсуге актер таңдау, іріктеу болғанда солар бір-бірімен хабарласып айтып отырады, немесе бұрын өзің түскен фильмдер арқылы сені режиссерлердің өздері іздеп табады", - дейді актер.

Дәлелхан Қадырдың айтуынша, "Шыңғыс хан", "Құбылай хан" секілді тарихи кино кейіпкерлеріне ханзуларға қарағанда қазақтардың келбеті көбірек келеді.

"Бұған қоса ат үстінде ойнауға келгенде де асып түсіп жатамыз. Соны жақсы білетін режиссерлер актер таңдағанда осы жайттарға ерекше мән береді. "Шыңғыс хан" фильмінде Есукей өлгеннен кейін жетім қалған Темучин мен жесір қалған Оелунге ақылшы болған Меңліктің бейнесін сомдадым. "Құбылай ханда" моңғол қолбасшысы Сухэ батырды ойнадым. Бұл екі фильмде де іріктеуден бірден өттім", - дейді ол.

Қытайдағы қазақ актері Қазақстанда көп көрермен жинаған фильмнің түсірілімі 2 жылға жуықтағанын айтады.

"Құбылай хан" фильмінің негізгі бөлігі Қытайдың оңтүстік аймағында, таулы, жынысты өлкеде түсірілді. Солтүстіктен барған бізге ол жақтың ауа райы жайсыз тиді, тіпті жазықтан келген аттар тауға шыға алмай қиналды. Ол жақта тарихи фильмдерді түсіруге арнап алып ғимараттар тұрғызып қойған. Ал мал шаруашылығына қатысты көріністер Қытайдың солтүстігінде – Ішкі Моңғолия аймағындағы Ордос даласында түсірілген. Фильмді түсіру 2010 жылы басталып, 2011 жылдың аяғында бітті", - дейді Дәлелхан Қадыр.

"Құбылай хан" фильмі Қазақстанмен қатар бірқаталар елдерде көрсетілген. Алайда, Қытайда әлі эфирден берілмепті.

Еске сала кетейік, "Құбылай хан" секілді тарихи фильм Қазақстанда да түсіріледі. Елбасы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай тарихи телехикая түсіруді тапсырған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/339735-kybylaj-han-turaly-tanymal-telehikayaga-kazak-akteri-tysken.html