Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

39 жасында 10 баланы өмірге әкелген ана отбасылық өмірдің құпиясымен бөлісті

Опубликовано:

Астаналық  Ұлданай Әлімбаева оныншы баласын дүниеге әкелді. 39 жастағы батыр ана он баланы бағып-қағудың  құпияларымен бөлісті.

Бұл туралы "Жас өркенге" сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

39 жасында 5 ұл, 5 қыздың анасы әрі әже атанған ол аналарды көп бала босанудан қашпауға шақырды.

"Бес бала болса да, он бала болса да, қайнататының бір қазан. Қалада тұрғандар тумау керек деген қағида жоқ. Мейлі қалада ма, ауылда ма, әрекет етсең неше бала болсын асырауға болады. Кешкі аста он баламмен дастарқанның басында бірге отырсам да, балаларым әлі де аз сияқты көрініп тұрады", - дейді ол.

Бір қызығы, Әбдікерім мен Ұлданайдың отбасында егіздер де, үшемдер де жоқ.

"Балаларымның жас аралықтары жақын. Үлкен ұлымның есімі Бекболат, 1993 жылы туылған. 1 жылдан соң Жанболатымды босандым. Онан кейінгі қызымның есімі Жұлдыз, 18 жаста. Заң саласында оқиды, студент. Тұрмыс құрған. Айбике деген жиен немереміз бар. 1998 жылы Сәбитім дүние есігін ашты. Одан кейін 4 жыл демалып, Малика қызымды дүниеге әкелдім. 2003 жылы Эльенора қызым туылды. 2006 жылы Дәуренім, 2008 жылы Сара қызымды дүниеге әкелдім. Дариға қызымның жасы 2-де. Ал биыл Алланың қалауымен Жангелді атты оныншы баламыз өмірге келді", - дейді батыр ана.

Жас болса да әже атанып үлгерген батыр ана жас отбасылардың екі-үш баламен шектелу себебін де түсіндірді.

"Барлығы әлеуметтік жағдайға кеп тіреледі.  Жас отбасыларға "өмірге ұрпақ әкелсеңдерші" десем, баспананың жоқтығын айтады. Олардың екі-үш баламен шектелуі "асырай алмаймыз" деген қорқыныштан", - дейді Ұлданай Әлімбаева.

Он баланың анасы тұрмыстық қиындықтардан қорықпау керектігін, көп бала бір-біріне қарайласып тез өсетінін айтады.

"Егер мемлекет тарапынан жас отбасыларға қолдау көрсетіп, жағдай жасаса, онда көп балалы отбасылар көбейер еді", - дейді ол.

Көпбалалы отбасы ретінде  бұл жанұяға мемлекет жеңілдіктер жасаған. Атап айтар болсақ, балалардың жолақысы тегін, ай сайын мемлекеттен жәрдемақы алады және мектепте ыстық тамақ тегін беріледі.

Жас отбасыларға "өмірге ұрпақ әкелсеңдерші" десем, баспананың жоқтығын айтады.

"Ата-ана алдымен ата-аналық парызды, міндетті түсінгені абзал. Әр баланы дүниеге әкелген соң ең бірінші денсаулығына, білім алуына назар аударып, иманды, ізетті, адал, еңбекқор етіп тәрбиелеуге тиіспіз", - дейді көп балалы ата-ана Әбдікерім мен Ұлданай.

Еске сала кетейік, Ұлданайдың ең жас әже екенін хабарлаған болатынбыз.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/339748-39-zhasynda-10-balany-omirge-ekelgen-ana-otbasylyk-omirdin-kypiyasymen-bolisti/

pixel