RU

Алматыда қос жанарынан айырылған зағип жандар кәсібін дөңгелетіп отыр (фото)

Қоғамда тағдырдың тәлкегіне ұшырағанымен,қиындыққа мойымған жандар өте көп. Оларды кемтарлығына қарап сырт көз сынағанымен, рухани күші мол жандар он екі мүшесі түгел азаматтардан артық қызмет атқарып жүр.

NUR.KZ тілшісі қос жанарынан айырылса да, өмірге деген құштарлығы ортаймаған жандардың тіршілігімен танысып қайтқан еді.

Еркін Бижұманов бірінші топтағы мүгедек. Он үш жасында таудан құлап бір көзінінен толықтай айырылған.  Медицина ғылымында адамның бір көзі көру  қабілетін жоғалтса, жылдар өте екінші көздің күшін толықтай тартып алады екен. Бұл заңдылық Еркінді де айналып өтпей, ол отыз жасында екінші көзінен  айырылады.

Еркін Бижұманов ештеңені көрмей қалған күні қатты азаптанып, қиналғанын айтады. Жастайынан еңбекқор азамат  көзі көрмей қалса да,  үйде қол қусырып отыра алмаған. Екі-үш жылын өзіне лайық жұмыс іздеуге арнаған. Айтуынша, зағиптар жұмыс істейтін орталықта прищепка жинаған. Патрон да құрастырған. Ең соңында массажға келіп тоқтаған.

Қазір массажшы болып  жұмыс істеп жүргеніне жеті-сегіз жылдың жүзі болды.  Тұрақты келушілері бар. "Күніне кем дегенде  бес адамды қабылдаймын", - дейді Еркін Бижұманов.  Жұмысқа өзі келіп, өзі қайтады. Ешкімге салмақ салған емес. Бұл азам талай адамның түрлі науқасынан айығуына себепкер болып жүр.

Жұмыс бөлмесіндегі керек-жарағын түгелдей біледі. Ешқандай көмекшісіз өз ісін өзі жүргізе береді.

Еркін Бижұмановтың массажын Жанар есімді Алматы тұрғаны жылына екі рет, он күннен қабылдап тұратынын айтады. Төрт жыл бұрын бел омыртқасынан тұра алмай қалған азаматша  Еркіннің он күндік массажынан кейін төсек тартып жатқан жерінен аяққа тұрған екен.

"Мен кейде бұл кісіні  дәрігер Айболит деймін. Буыны ауырып,сіңірі тартылған құрбыларымды осы кісіге жіберіп тұрамын. Ауырған жерді сезеді. Қолының шипасы бар",-дейді ол.

Бұл кісінің есімі - Руслан Мамутов. Жиырма бес жасында жол көлік  оқиғасы салдарынан екі көзінен бірдей айырылған. Қайғылы оқиға болған кезде-ақ жары ажырасатынын айтып, бір баласын қалдырып, кенжесін өзімен алып кеткен.  Бүгінде Русланның екінші жары және төрт баласы бар.

Руслан зағип болғанымен өте сауатты. Өзі сияқты қиындыққа тап болған азаматтарға  құқықтық кеңес береді. Бүгінде зағип жандарға арналған орталық ашып жатыр. Жеке кәсіпкерлер арасынан қолдаушыны да өзі тапқан. Жоспары бойынша ол орталықта зағип жандардың сауатын көтерумен айналысатын болады. Қолөнерге баулымақ. Тағы да түрлі үйірмелерді ашпақшы.

Ол зағиптарға арналған техниканың бәрін меңгеріп алған. Ұялы телефонының өзі түрлі функциялармен қамтылған. Онда хат жаза алады. Іздеген адамына өзі хабарласа алады.

Руслан Мамутов компьютерде де  еркін жұмыс істей алады.

Русланның анасы Хильчам баласының  қиналғанын көзбен көріп, жүрегі езілген кездерде түн ұйқысы мың бөлінгенін айтады.

"Сол жылдар өте ауыр тиді біздің отбасымызға. Келінім кетем дегесін, оны ұстап қала алмадым.  Балам қиналды. Білдірмеуге тырысты. Сосын мына келінімді өзім іздеп таптым. Баламмен таныстырып едім, бірін- бірі ұнатты . Үйленгендеріне алты жыл болды. Бақытты. Шүкір. Русланның мықтылығын сол кезде мойындадық. Ештеңеге өкінген кезі болған емес", - деп Русланның анасы Хильчам көзіне жас алды

Құжаттарды оқып беретін арнайы құрылғысы бар. Осы құрылғының арқасында  соңғы жаңалықтарды біліп отырады. Тіпті кейде кітап оқитыны да жасырын емес.

Русланның жұбайы Нағиманың туғаннан екі көзі  көрмейді. Ол Русланға тұрмысқа шыққалы бақытты өмір сүріп жатқанын айтады. "Бір рет те дауыс көтеріп немесе ұрысып қалған кезіміз болған жоқ. Руслан өте көңілді. Бар қиындықты күлкімен жеңуге тырысады", - дейді ол.

Руслан жақын болашақта зағип жандарға арналған колледж ашқысы келеді. Ол үшін қазір түрлі құжаттар жинап, тағы да демеуші іздестіруде. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/339764-almatyda-kos-zhanarynan-ajyrylgan-zagip-zhandar-kesibin-dongeletip-otyr-foto.html