RU

Алматыдағы жетім балалар үйінің директоры 12 жасар қызбен неке қиған

Алматыдағы жетім балалар мен әлеуметтік ахуалы төмен отбасылардың балаларына арналған "Кәусар" интернатынан шу шықты.

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Тек қыз балалар ғана тәрбиеленетін мекеменің бұрынғы басшысы Ералы Байназаров тәрбиелеуіндегі әке-шешесі жоқ 12 жасар қыз баламен некесін қиған көрінеді.

Өйткені, бүлдіршінді балиғат жасына толған деп есептеген сыңайлы.

Имамдар болса, зайырлы мемлекетте балиғат жасының көрсеткіші мүлде басқа деп отыр.

Бізге жеткен ақпарат бойынша, атышулы істі алдымен Түрксіб ауданының прокурорлары қозғаған. Арнайы тексеріс кезінде, интернаттың экс-директорының бұйрығымен мекемеде тәрбиеленетін қыз балаларға мектептегіден гөрі, діни білімге басымдық танытқан көрінеді.

Соны негізге алған Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық соты Ералы Байназаровтың үстінен үкім шығарып, айыппұл салады. 30 айлық мөлшерде айыппұл салынсын деп тұр.

Бірақ ары қарай "Кәусарға" тоқтам салынсын деген жоқ. "Кәусар" қазір де жұмысын жалғастырып жатыр. Балаларының басым бөлігі 31 мектепте білім алады.

Ал, экс-директордың балиғат жасына толды деп, 12 жасар бүлдіршінмен неке қиғаны туралы бізге белгілі ақпар туралы сот орындаушысы да, прокурорлар да жақ ашпай отыр. Іс облыстық прокуратураның қарауына жіберілген. Тек сорақы фактіні интернаттың қазіргі қызметкерлері растап отыр.

"Өткеннің әңгімесіне мен жауап бермеймін! Мен жаңадан келгенмін мұнда. Бірақ ондай жағдайдың болғаны рас! Бірақ оған менің қатысым жоқ! Ал ол кісінің бұл мекеменің табалдырығын қайта аттауының өзі харам болып саналады", - дейді Ернұр есімді "Кәусар" қызметкері.

Қазіргі әріптестері қылығын-харамға балаған халал-мекеменің бұрынғы басшысы іздеуде деп естідік. Бірақ құзырлы органнан неге таба алмай жүргенін білмедік, ата-анасынан айырылған балаларға арналған мекеменің экс-директоры әлеуметтік желідегі парақшасына осыдан төрт күн бұрын ғана жазба қалдырған.

Ондай жағдайдың болғаны рас! Ол кісінің бұл мекеменің табалдырығын қайта аттауының өзі харам болып саналады.

Интернат тәрбиеленушілері болса, басшыларының ондай оғаш қылығын байқамағанын айтады.

Ал, имамдар болса, біздің ел секілді зайырлы мемлекетте балиғат жасының өлшемі - балалардың мектеп бітіруімен есептелетінін айтады. Сондықтан мұндай неке исламда да құпталмайды екен.

"Кәусар" интернатының қазіргі басшылығы орнында жоқ болып шықты. Бұл жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғаған құзырлы орган қызметкерлері де жақ ашпай отыр.

Ал, біздің қолымызда бар деректерге сүйенсек, бұрынғы басшы іздеуде, ал оған тұрмысқа шыққан қыз бала босанып алған көрінеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/339862-almatydagy-zhetim-balalar-yjinin-direktory-12-zhasar-kyzben-neke-kigan.html