RU

Алматыда қызметкер мен клиент арасындағы жанжал атысқа ұласты

Ескі тоңазытқыш атысқа себеп болды! Алматыда тұрмыстық техниканы жөндеу орталығының қызметкері мен клиент арасындағы теке-тірес атысқа ұласқан.

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Инженердің жауабына көңілі толмаған келіншек айқайға салып, ақыры күйеуін ертіп келіпті. Травматикалық қарудан оқ жаудырған сол жігіт екен. Ауыр жараланған маман қазір ауруханада жатыр.

Оқиға тапа-тал түсте болған. Ескі тоңазытқышын жөндеуге әкелген клиенттің қызметкерлер жауабына көңілі толмағаны анық көрініп тұр. Ақыры айқаймен ештеңе өнбесін түсінген келіншек сырттағы күйеуін көмекке шақырыпты.

Әй-шайға қарамай травматикалық тапаншасынан оқ жаудырған да сол жігіт екен.

"Менің күйеуім заңға қарсы әрекет еткені рас. Бірақ оның орнында басқа адам болса да солай істер еді. Ол мені ренжіткен адаммен төбелесті. Бірақ төбелесті бастаған орталық қызметкері. Темір шелекпен ұра бастағанда қорғану үшін қару қолдануға мәжбүр болды", - дейді Сәуле Сәрсенова.

Сәуле осылайша қызмет көрсету орталығында өзін балағаттап, тіл тигізді дейді. Шағымын да бірінші болып жазып қойған. Ал, оқ тиіп, аурухана төсегіне таңылған қызметкердің туыстары басқа пікірде.

"Күйеуімнің ішіне оқ атқанда киім-кешегі түгелімен дал-дұл болып жыртылған. Құрсағында теңгенің көлеміндей жарақат бар", - дейді жәбірленушінің әйелі Надежда Первухина.

Айналасы 3 минуттың ішінде болған төбелеске орталықтың басқа да жұмысшылары куә болған. Алты жерінен жарақат алған Николай Первухин кейін ауруханаға жеткізіліпті.

56 жастағы жәбірленуші 4 тәуліктен бері сонда ем алып жатыр. Ал қару кезенген жігітке қатысты қандай шара қолданылатыны тергеуден кейін анықталмақ. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/340048-almatyda-kyzmetker-men-klient-arasyndagy-zhanzhal-atyska-ylasty.html