RU

Саяси кеңесте Бердібек Сапарбаев қана қазақша баяндама жасаған

Саяси кеңестің отырысында бастан-аяқ қазақша баяндама жасаған жалғыз шенеунік Бердібек Сапарбаев премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды.

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Кеше түске дейін Астанаға әкім болып келіп, түстен кейін Өскеменде вице-премьер ретінде таныстырылған Сапарбаев Шығыс Қазақстанды 5 жыл, 8 ай басқарыпты.

Ал, оның орнына бірнеше жылдан бері саяси сахнада көрінбей кеткен Даниал Ахметов келді. Бұған дейін вице-премьер болып келген Гүлшара Әбдіхалықова Мемлекеттік хатшы болып тағайындалды.

Бердібек Сапарбаевты вице-премьер ретінде таныстырып, Астанаға алып кетуге және Даниал Ахметовтің кандидатурасын облыстық мәслихатпен келісуге Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов пен Президент әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматулин қатар келді.

2009 жылы Қорғаныс министрі қызметінен босағаннан бері ел көзіне көрінбей кеткен Ахметовтің журналистер Владимир Нидің жерлеуіне қатысқанын ғана жарыса жазған.

Ал, соңғы уақытта Еуразиялық экономикалық комиссияда Қазақстан атынан мүше болған ол бұған дейін Павлодар облысының әкімі, Үкімет төрағасы болған.

Мәслихат Ахметовті бірауыздан қолдады. Ал, Шығысты 5 жылдан артық басқарған Сапарбаев ең ушыққан жағдайлардың өзінде халықтың ортасына барып, елмен жұмыс істей алатын әкім екенін талай көрсетті.

Тарбағатайдағы су тасқынында, кеншілердің ереуілінде, шеттен келген ағайынның наразылығында Бердібек Мәшбекұлы орынбасарларын жұмсап қоймай, өзі бел ортада жүрді.

Өскеменнің әкіміне, Үржардың жеріне, Абай мен Михаэлистің ескерткішіне қатысты шу да ел есінде. Бірақ, халық Сапарбаевтың "минусынан" "плюсін" көп айтады.

Ал, Ресей саясаткерлерінің ашық мәлімдемелері тұсында ұлттық саясатты ұстау, дотациялы аудандардың әлеуметтік деңгейін одан әрі түсіріп жібермеу Ахметовтің қолынан келу-келмеуі - бірер айдан кейін-ақ белгілі болып қалар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/340054-sayasi-keneste-berdibek-saparbaev-kana-kazaksha-bayandama-zhasagan.html