RU

Қапшағайда әскери қызметкер өз-өзіне қол жұмсаған

Қарулы күштер сапында тағы суицид! Бұл жолы Қапшағайда келісім-шартпен борышын өтеп жүрген сарбаз өз-өзіне қол салды. 22 жастағы десанттың асылып тұрған денесін қаруластары тауып алған деп хабарлайды КТК арнасы.

Бекболат Құрбанов 32/363 әскери бөліміне 3 ай бұрын ғана келген екен. Және өлерінен бір күн бұрын Шымкенттегі туыстарына барып қайтпақшы болыпты. Сондықтан асылып қалды дегенге жақындары сенбей отыр.

Шымкенттің тумасы әскери борышын Отарда өтеп, кейін осы Қапшағайға келісім-шарт негізінде қызмет етуге келген. 22 жастағы десант өлерінен бір күн бұрын әкесінің жылдық асына баруы керек болған екен. Алайда ұлын күтіп отырған анаға суыт хабар жетті.

"Ертең келем деп тұрған бала еді. Қалай өледі? Мен оны құрылысқа жіберген жоқпын гой. Басшылығы жоқ жеке жұмысқа жеберген жоқпын ғой. Әскери қызмет деп жіберіп отырмын. Келісім-шарт бойынша жұмыс істеймін деп еді. Күйеуім қайтыс болған онсыз да. Арқа сүйерім қалмады ғой", - дейді қара жамылған ана Рахима Қалбиева.

Мен оны құрылысқа жіберген жоқпын гой. Басшылығы жоқ жеке жұмысқа жеберген жоқпын ғой. Әскери қызмет деп жіберіп отырмын.

Марқұм жақындары қазаға әскери бөлім басшыларын кінәлауда. Айтуларынша, Бекболаттың денесінде соққы іздері көп. Сондықтан келісім-шартпен қызмет қылған соқталдай сарбаз әлімжеттік құрбаны болды деп отыр.

"Мүмкін емес. Өйткені суретінде көрініп тұр. Сараптама жасағанда менің күйеу балама көрсеткен, екі бүйрегі езіліп кетіпті баланың. Арқасы қанталап көгерген", - дейді марқұмның туысы Жаңагүл Қалбиева.

Ал, әскери бөлім басшылары мүлдем басқа пікірде. Яғни, марқұмның құмар ойынға әуес болғанын айтады. Тапқан-таянғанын казиноға салған көрінеді.

"Ол солдат емес. Казармада тұрмайды. Біз сияқты үйден келіп жұмыс істейді. Әскери бөлімде 1500-ге жуық адам бар. Мен оны жақсы таныдым, араластым деп айта алмаймын", - дейді  32/363 әскери бөлім командирінің орынбасары Талғат Өзехан.

Кейбір ақпараттар бойынша ол ақшадан қысылған. Автоматтарда ойнайтын деген ақпарат бар. Десе де істің ақ-қарасын енді тергеушілер анықтамақ.

Осылайша 22 жасар жігіттің өз-өзіне қол жұмсауына туыстарының сенгісі жоқ. Сол үшін марқұм жігіттің анасы шындыққа қайтсем де қол жеткіземін деп отыр.

Қазіргі уақытта бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Әскери бөлімде де тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал, тағайындалған сараптаманың қорытыныдысы алдағы 20 күннің ішінде белгілі болмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/340055-kapshagajda-eskeri-kyzmetker-oz-ozine-kol-zhymsagan.html