RU

Сарыағашта екі оқушы өз құрдасын атып өлтірді

Оңтүстік Қазақстан облысында тағы да оқушылар оқ атты. Сақшылардың айтуынша, Сарыағаш ауданындағы Жібек жолы ауылында екі жеткіншек өз құрдасын атып өлтірген.

Бұл туралы Жетінші арна хабарлайды.

Өлкедегі жаға ұстатарлық жағдай тек бұл емес. Құқық қорғаушылар мектеп оқушыларынан суық қарудың түр-түрін тәркілеп алыпты.

Ағасынан айырылған Бекасыл қайғыдан басын көтере алмай отыр. Жеті жасар бүлдіршіннің көзіне жас тығылды. Еріксіз еңіреп артында анасы да қалды.

"Елгезек, еңбекқор ұлымды құрдастары атып кетті дегенде, жүрегім тас төбеме шықты" деп, қайғыдан қан жұтып отыр. 

16 жасар жеткіншектің өлімі  ескі балабақшаның ауласында болған екен. Оқиға таңертеңгісін сағат 11 шамасында орын алыпты.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, алдымен үш жеткіншек ерегіседі. Бірақ кикілжің күшейген соң екеудің біреуі шолақ мылтықтың шүріппесін басып салған.

Қазір Алмастың көз жұмған жерін қоршап тастапты. Құрдасын қаза еткен күдіктілер оқиға орнынан тұра қашқан. Сол маңдағы тұрғын үйдің терезесінен көзі шалған куәгер болған жайды полицияға баяндап беріпті.

"Күдікті ретінде екі азамат ұсталып, қамауға алынды. Сотпен санкцияланды. Ол екі азамат 1998 жылы туылған. Сарыағаш қаласы Исмайылов мектебінің 10-сынып оқушылары. Олардың арасында өздерінің кикілжің шешу мәселесінде атыс қаруын қолданып, ар жағындағыны атқан. Шолақ мылтықтан оқ тиген оқушы қайтыс болған", - дейді  Сарыағаш ауданы прокурорының орынбасары  Нұрлан Сапаров.

Қазір қос оқушының үстінен кісі өлімі мен заңсыз қару сақтау және қолдану дерегі бойынша екі бірдей қылмыстық іс қозғалыпты. 10-сынып шәкірттері білім алған мектеп директорының ісі енді май шаммен қаралмақшы екен.

"Мектеп психологтары өз лауазымды қызметтерінен өз еркімен босап отыр. 8-11 сынып арасында бекітілген директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары өз еркімен кетіп отыр. Жұмысын енді бастаған тәрбие ісі жөніндегі орынбасарымыз ол да өз еркімен босап отыр. Сынып жетекші қызметінен өз еркімен босап отыр", - дейді №5 Исмайылов атындағы жалпы орта мектебінің директоры Зейнегүл Ниетәлиева.

Оқыс оқиғадан кейін бас-аяғы 5 бірдей педагог қызметімен қош айтысты. Тәжірбиелі ұстаздар қызметтен кеткенімен жағдайдың жақсара қояры екіталай. Ал марқұм болған Алмас колледжде оқыған.

Прокуратура қызметкерлері осы оқиғадан соң, 3 мектептің шәкірттерінен 8 суық қару тәркілепті. Құқық қорғаушылардың өздері "аудандағы криминогенді ахуал ушығып барады", - дейді. Жыл басынан бері оқушылардан 74 атыс қаруы алыныпты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/340081-saryagashta-eki-okushy-oz-kyrdasyn-atyp-oltirdi.html