RU

Қытайдан келген оралмандар азаматтық ала алмай жүр

Қытайдан атажұртқа оралған қандастарымыз азаматтық ала алмай жүр. Кейбірінің виза мерзімі аяқталып, тауы шағылғандар Дүниежүзі қазақтары қауымдастығынан пана сұрап келді.

Бұл туралы Жетінші арна хабарлайды.

Оларға қазақ жерінде Қытай төлқұжатымен жұмысқа орналасу, қаржы табу да мұңға айналған. Ал көрші елге кері көшіп кетуге кейбірі жүрексінетіндерін айтады.

Қытайдың Іле аймағынан атамекенге қоныс аударған Есхат Әбдікерімұлы 8 айдан бері құжаттарын құшақтап, сенделіп жүргенін айтты. Оны азаматтық алудың тауқыметі қажытқан. Ол аздай отбасына берілген виза мерзімі бір айдан кейін аяқталады.

5 баланың әкесі шарасыз күйде қалғанын жеткізді. Атажұртқа баспанасын, мал-мүлкін сатып, көшіп келіпті. Әрі биыл келіншегі егіз босанды. Көпбалалы әкенің айтуынша, оның екі қызына Қытай шекарасынан өтуге рұқсат жоқ.

"Ол жақтың заңына қайшы ғой. Айыппұл сала ма, жоқ соттай ма, заңы бойынша айыппұл төлей алмасам, соттайтын болуы керек. Не істейтінімді білмеймін, жатам осы жерде. Жат жарылқамайды, өзің өлтірмейді", - дейді Қытайдан оралған қазақ Асхат Әбдікерімұлы.

Ал тағы бір Қытайдан қоныс аударған қандасымыз Бақытнұр Манатбайдың төлқұжатында виза мерзімі екі апта бұрын бітіп қалған. Екі баланың әкесі жалдаған пәтерінде бойтасалауға мәжбүр. Апталдай азаматтың виза мерзімін ұзартатын қаржысы жоқ. Әрі оған көрші елде виза рәсімдеу үшін 6 ай мекендеу керек екен.

Бақытнұр Манатбайдың айтуынша, "Мен қалаға да келмеймін. Ұзынағашта үйде жатамын. Көршілердің жұмысы болса істеп қоямын. Үйден шыққсам милиция ұстап алып, визаның мерізімі біткен, айыппұл төле деп мазамды алады. 2 балам мен әйелімді қалай бағам деп басым ауырып жүргенде,  айыппұлды төлейтін менде қаражат жоқ", - дейді Қытайдан оралған азамат.

Сонымен қатар қандастырымыз Қытайдан тіркеуден шықты деген анықтама алудың машақаты көп екенін айтады. Оның үстіне Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы көмектеседі деген үміттері  әлі ақталған жоқ.

"Визаны ашқан кезде дұрыс ашу керек. Қазір көші-қон полициясына ай мынау визасы бітіп кетіпті, осыны бірдеңе қылып, сендер созыңдар дегенге ол заңға келетін болса шешеді. Заңға келмесе қайтып барып, қайтадан ашу керек. Ешкім заңды бұзбайды", - дейді дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/340138-kytajdan-kelgen-oralmandar-azamattyk-ala-almaj-zhyr.html