RU

Қазақстандықтар Талғат Бигелдиновті бақилық сапарға шығарып салды

Бүгін Қазақстан жұртшылығы аты аңызға айналған ұшқыш, Кеңес Одағының 2 мәрте батыры Талғат Бигелдиновті ақтық сапарға шығарып салды. Қаралы жиынға Алматы қаласындағы Офицерлер үйінде мыңдаған адам жиналды.

 Фото:Tengrinews.kz

Батырды соңғы сапарға шығарып салуға келген қала әкімі Ахметжан Есімов Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берді.

"Ұлы Отан Соғысының аты аңызға айналған қаһарманы, Кеңес Одағының батыры атағының екі мәрте иегері, даңқты ұшқыш Талғат Бигелдинов ағамыз өмірден өтті. Барша қазақ халқына көңіл айтамын. Өздеріңіз білесіздер, халқымыз ол кісіні ерекше мақтан тұтты. Дүние есігін ашқан мыңдаған сәбилерге ол кісінің есімін берді. Олардың көбі батыр ағасына еліктеп, білікті маман, жақсы азамат болып өсті. Қазақстандықтар қаһарман отандасымыздың есімі мен еңбегін еш ұмытпайды деп сенемін. Марқұмның топырағы торқа, жаны жәннатта болсын", - деді ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің көңіл айту жеделхатында.

Мәскеуде маңызды іссапарда жүруіне байланысты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағанбетов қаралы жиынға қатыса алмады. Оның көңіл айту жеделхатын министрдің орынбасары Талғат Мұхтаров оқып берді.

"Еліміздің даңқты азаматы, екі мәрте Кеңес одағының батыры Талғат Бигелдинов ағамыз өмірден озды. Жақындары мен туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Сонау ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен қан кешкен сұрапыл соғыс жылдары небір қаһармандық үлгі көрсетіп Талғат ағамыз 2 мәрте батыр атағына ие болды. Одан кейін де маңдай терін ел тыныштығына арнады. Қазақстанның батыр ұлы ретінде мемлекетіміздің тәуелсіздігін табанды, егемендігін баянды етуге зор үлес қосты. Өзінің баға жетпес ерлігімен жас ұрпаққа тұлға ретінде үлгі бола білді",- деді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағанбетов.

305 жауынгерлік тапсырмамен әуе шайқасына қатысып, жаудың жойғыш ұшақтарының көзін құртқан атақты батырдың аты қазақ тарихында алтын әріппен жазылары сөзсіз. Бүкіл Кеңес әскерінің ішінен Берлинге бірінші болып ұшып кіріп, жау ұясына бомба тастаған қазақ батырының ерлігі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде үлкен құбылысқа айналған.

Айта кету керек, Талғат Бигелдинов - барлық ТМД елдері бойынша көзі тірі жалғыз Кеңес Одағының екі мәрте батыры болатын.

"Өмірден ұлы тұлға кетті. Оның қазасы біздер, ұшқыштар үшін үлкен қайғы. Ол аңыз адам біздің ұстазымыз болғанын өте мақтан тұтамыз. Одан әуеде ұшу тұрғысынан болсын, өмірлік болсын, өлшеусіз тәжірибе алдық. Соғыстан кейінгі жылдары туған балалардың көбіне Талғат есімі берілді. Сол азаматтай елін қорғайтын ер болсын деп. Мен де солардың бірімін", - деді Талғат Мұсабаев.

Батырдың денесі Кеңсай-1 зиратында, Бауыржан Момышұлы қабірінің қасына жерленді. Ертең Алматыда батырдың қаза болуына байланысты ас беріледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/340141-kazakstandyktar-talgat-bigeldinovti-bakilyk-saparga-shygaryp-saldy.html