RU

Қабаған иттің иесіне 300 мың теңге айыппұл салынды

Әлеуметтік қызметкер Нұргүл Дәненованы тістеп алған иттің иесіне қатысты Қостанай қалалық соты шешім шығарды.

Бұл туралы Қазақпарат хабарлайды.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың мамырында медициналық скринингтен өткізу үшін халық санағын жүргізумен айналысқан Нұргүл Дәненованы ауладағы ит қауып алды. Жекеменшік үйдің ауласындағы ит зардап шеккен әйелдің басы мен бетін тістеп тастаған.

"Нұргүл Дәненованың жедел жәрдем қызметін шақыру туралы өтінішіне үй иесі - әйел адам өзінің жолдасын шақырған. Ал ол зардап шегушіні қалалық ауруханаға апарып, жеткенше оның өзін біреудің жеке территориясына кіргені үшін айыптаған, өзінің кінәсін еш сезінбеген", - деп мәлім етті Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі.

Дәненова сотта жауап берушіден моральдық және материалдық залал келтіргені үшін 650 мың теңге төлеуді талап еткен болатын. Сотқа қатысқан куәгерлер бұл иттің бірінші рет шабуылы емес екенін, осыған ұқсас жағдайдың бұрын да болғанын мәлім етті.

Сот шешіміне сәйкес, жауап берушілер келтірілген материалдық залал үшін 14 мың 798 теңге, келтірілген моральдық шығын үшін 300 мың теңге төлейтін болды. Әзірге шешім заңды күшіне енген жоқ, оған 15 күн ішінде шағым жасауға болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/340165-kabagan-ittin-iesine-300-myn-tenge-ajyppyl-salyndy.html